Бұл елдімекеннің іргесіндегі алқаптың барлығын жеке шаруашылықтар жалға алып, иемденіп отыр. Ауыл халқы заңға сүйеніп, өздеріне тиесілі аумақты пайдаланғылары келгенімен, оны кері қайтару оңай болмай тұр.
Златоуст ауылындағы дау тудырған шабындық осы. Аумағы 700 гектардан асады. Бір кездерде ол жеке шаруашылықтың иелігіне өтіп кеткен. Жыл басында сот шешімімен ауыл әкімдігіне қайтарылыпты. Алайда шаруашылық иесі қайтадан аппелияциялық сотқа шағым түсіріп, даулы мәселеге нүкте қойылмай тұр.
Ауыл тұрғындары 300-ден аса ірі қара, осындай көлемде ұсақ мал ұстайды. Іргедегі шабындықтан айрылған соң, қыстық жем-шөпті қымбатқа сатып алып, алыстан тасымалдауға мәжбүр. Ол аздай биыл өріс те тарылды. Шаруашылық ауылға тиесілі жайылымдық жерге сұлы егіп тастапты.
Қорғанбек Ғабдолов, ауыл тұрғыны:
Заң шықты ауылдың айналасындағы 2 шақырым жер қайтарылуы керек деген. Назарбаевтың өзі бекіткен заң. Енді соны ала алмай отырмыз. Мал жаятын жер жоқ. Шабындық тағы жоқ.
Тұрғындармен жерге таласып жүрген шаруа қожалығы мыңнан аса жылқы өсіреді. 20 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Алайда даулы мәселеге байланысты қожалық иесінің өз уәжін есту мүмкін болмады. Орнына өкілін жіберіпті.
Саят Жұмабаев, шаруа қожалығының өкілі:
Мен жақында келген адаммын. 15 күндей ғана болды. Бастық өзі шетелге туған күнін тойлауға кетті. Жаңа маған телефонмен хабарласып айт деді.
Шетелде туған күн тойлап жүрген басшының айт дегені мынау:
Ақсуаттың аржағынан бастап 5 мың гектер жеріміз бар. Содан мал бағуға арғы жағынан жер бердік.
Алайда, тұрғындар «ар жағынан» берген жер мал жаюға алыс екенін айтады. Жалпы, бұл қожалыққа 867 гектар шабындық алқап 2015-ші жылы сол кездегі ауыл әкімінің өкімімен беріліпті. Ал 2018-ші жылы аудандық прокурутура тексеріс жүргізіп, әкімнің өкімін заңсыз деп таниды.
Нұрлан Батырашов «Сарыкөл аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ басшысы:
Сарыкөл аудандық прокуроры сот арқылы шабындық жерді осы аталған қожалыққа жалға алып беру туралы келісім-шарттың күшін жоюға ұсыным берді. Соның негізінде біз талап арыз түсірдік. Сот шабындық алқапты ауылдың иелігіне қайтару туралы шешім шығарды.
Бірақ бұл шешіммен енді қожалық иесі келіспей облыстық сотқа қайыра арыз түсірген. Сөйтіп, дау басылмай тұр. Ал санаулы күндерден соң шөп шабу науқаны басталады.
Дәуренбек ӘБДІБЕК