Шығыс Қазақстандағы Бородулиха ауылының тұрғындары көлден шығатын күкіртті сутегі газынан зардап шегіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстандағы Бородулиха ауылының тұрғындары көлден шығатын күкіртті сутегі газынан зардап шегіп отыр

29.05.2019

Жаз басталса болды халық жағымсыз иіске тұншығып қалады. Табиғи су қоймасы 5 мыңға жуық адам тұратын үлкен елдімекеннің тура іргесінде орналасқан. Осыдан 30-35 жыл бұрын ол көлге құс фермасының қалдықтары көптеп құйылған көрінеді. Содан бүкіл ауданның ең үлкен экологиялық проблемасына айналған.

Бородулиха ауылының қасындағы Үлкен көлде кезінде балық көп болыпты. Бала-шаға да жаздай суға шомылып, бұл жер ең жақсы демалыс орындарының бірі саналған. Алайда, осы өңірдегі құс өсіретін ферма мен басқа да шаруашылықтар қалдықтарын төге берген соң,  көл ластанып кеткен.

Дүйсенғали Шәйбатов, Бородулиха ауылының тұрғыны:

Осы жерде тұрғаныма 10 жыл болды. Бұл көл енді күн ыстық болғанда сасиды. Зиян шегеміз, таңертеңнен кешке дейін, күн ысығанда ауаны бұзады.

Мамандардың айтуынша, суға құйылған қалдықтар көлдің астында жиналып қалған. Жазда су біраз тартылғанда, күкіртті сутек шығады. Көп жыл бойы көл суы тіршілікке жарамсыз болды.

Бұл көлді мамандар талай рет тексерген. Соңғы мәліметтер бойынша, судың құрамында магний мөлшерден 25 есеге, ал марганец 60 есеге артық. Су құрамында басқа да химиялық элементтер өте көп.

Жазда бүкіл аудан орталығын жайлап кететін жағымсыз иіске тұрғындар талай рет шағымданыпты. Алайда, жергілікті билік дәрменсіздік танытқан.  

Алла Тайлақова, Бородулиха ауылының тұрғыны:

Күкіртті сутегі көп шыққанда тіпті асқазанымыз дұрыс жұмыс істемей қалады. Адамдар талай рет шағымданды. Осыдан 25 жыл бұрын, тіпті, халықтан ақша жинап, көлдің астын арнайы баржалардың көмегімен  тазаламақ болған.

Бірақ, басталған жұмыс аяқсыз қалыпты. Ел-жұрттан жиналған ақшаның қайда кеткенін де белгісіз. Әйтеуір, соңғы 5-6 жылда еріген қардың суы мол болып, көлде  табиғи тазару процесі басталған көрінеді. Бұл үрдіс ұзаққа созылуы мүмкін, сондықтан көлдің астындағы қалдықтарды қайтсе де тазалау керек.

Болат Арғынбаев, Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары:

Жақын арада Үкімет орта және кіші көлдерді қалпына келтіру бойынша, бағдарлама жасайды деп ойлаймыз. Сол кезге дейін біз көлді тазарту бойынша, жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, осы проблеманы шешеміз.

Ғалымдар көлде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оны қалпына келтіру бойынша кеңестерін берген. Нақты іске көшу үшін 1 миллиард теңгеден астам ақша керек. Бұған жергілікті бюджеттің  шамасы жетпейді.  Сондықтан, аудандағы билік өкілдері қаржы мәселесі жоғары деңгейде шешілгенін күтіп отыр.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу