Ақмола облысында жаңа жарма зауыты іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында жаңа жарма зауыты іске қосылады

28.05.2019

Бұл - өңірдегі инвестициялық жобалардың жалғасы. Осыған дейін элеватор, диірмен, мал азығын шығаратын зауыт салынған. Осылайша Жақсы ауданында ауылшаруашылық дақылдары толық өңделетін болады. Қазір кәсіпорында құрылғылар орнатылып, жабдықтар біртіндеп іске қосылуда.

Ақмола облысындағы ең ірі шаруашылықтардың бірі «ТНК» агрофирмасы басқарудың озық тәсілдерін енгізген. 200 мың гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдарды егетін серіктестік өндірісте тың технологияны тиімді пайдаланылып келеді. Егіс науқанындағы техникалар JPS арқылы бақыланады. Тыңайту жұмыстары кезінде химикаттар біркелкі емес, қажетіне қарай себіледі.

Алмас Сейтқазинов, «ТНК» агрофирмасының атқарушы директоры:

- Бізде өзімізде агрохимиялық лабораториямыз бар. Ол агрохимиялық лабораторияда азот, фосфор, калий, гумос қарастырылады.

Серіктестік бүгінде күніне 650 тонна бидайды қайта өңдей алады. Бұл дақылдардың 65 пайызын өңдеуге мүмкіндік береді. Бірлестік қайта өңдеу саласын дамыту үшін соңғы жылдары бірнеше жобаны жүзеге асырған. Себебі экспортқа шикізат ретінде емес, дайын өнім қылып саудалаған әлдеқайда тиімді.

Ғабиден Бралин, «Урожай» ЖШС директоры: 

- Соңғы 2 жылда диірмен салынды. Содан кейін элеватор салынды.

Жаңа зауыт өңірдегі шикізатты өңдеу көрсеткішін жақсарту үшін тың бастамаларды қолға алды. Экспорт көлемі де ұлғайып келеді. Қазір серіктестік өңделген өнімнің 35 пайызын сырт елдерге саудаға шығарды.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу