«Балапан» телеарнасы марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Балапан» телеарнасы марапатталды

23.05.2019

Қостанайда «Жас өркен» сыйлығының иегерлерін марапаттау шарасы өтті. Бұл байқау «Республика-Аймақ-Даму» қоры бастамашы болған «Халық сүйіктісі» сыйлығы аясында ұйымдастырылған. Мақсаты – ерекше талантымен, өнегелі ісімен дараланған өрендерді қолдау, өзгелерге үлгі ету. Сонымен қатар, үздік жобаларды жүзеге асырған балалар ұйымдары да марапатталады.

Тек Қазақстанға ғана емес, ерекше даусымен жарты әлемге танылған Ержан Максим де «Жас өркен» сыйлығының иегері атанды. Жалпы бұл байқауға үміткерлерді әлеуметтік желілер арқылы көпшілік таңдайды.  Жарияланған 14 номинация бойынша желі қолданушылары 300-ден астам үміткерді ұсыныпты.  Қазылар алқасы олардың ішінен әр номинацияға төрт адамнан іріктеп алған. 

Әлібек Байнешов, «Республика-Аймақ-Даму» ҚҚ атқарушы директоры: Бүгінгі күнде ең басты қызықты мәселе ол, әлеуметтік желі. Қазылар алқасы тек белгілі тәртіппен өтуін қадағалайды. Ал дауыс беру, кім бас жүлде алады, кім лауреат атанады, оны халық дауыс беру арқылы анықтайды.

14 номинация бойынша бүгін 28 жас өрен сыйлыққа ие болды. Оның жартысы лауреат атанғандар болса, қалғаны бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздардың ішінде өнерде, білімде, спортта жетістіктерге жеткендермен бірге, үлгілі ісімен ерекшеленгендер де бар. Мысалы, Шымкент қаласында тұратын Бақытжан Беркімбай, өртеніп жатқан үйден 2 баланы алып шығыпты.

Бақытжан Беркімбай, «Жас Өркен»  сыйлығының иегері:

Үйдің алдында отырғам. Көрші үйдің 8 жастағы үлкен қызы жылап келді. Үйден түтін шығып жатыр деп. Барсам үйдің іңшінде екі кішкентай бала жылап отыр екен. Біреуін көтеріп, біреуін жетектеп алып шықтым.

Бақытжан қазір 8-ші сыныпта оқиды. Өскенде  өрт сөндіруші болуды армандайды.

Сонымен қатар, үздік жобаларды жүзеге асырған 4 ұжым марапатталды. Үздік деп танылғандар ішінде «Қазақстан РТРК» АҚ құрамына кіретін «Балапан»  телеарнасының «Дұрыс-бұрыс» жобасы да бар. 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу