Елорда әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікке «керек» байланыс нөмірлерін жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікке «керек» байланыс нөмірлерін жариялады

23.05.2019

Ол шаһардағы барлық коммуналдық кәсіпорынның бірінші басшыларының «whatsapp» нөмірлерін ұсынып, ақпараттық ашықтық бағытын жалғастыратынын жазды. Арман Тұрлыбек өз жазбасында: «су болмаса, жарықты сөндірсе немесе контейнерлік алаңды қоқыстан тазаламаса, нақты кімге xабарласуға болатынын сұрап, жиі жазасыздар. Бұл – біздің тұрмыс-тіршілігімізді қамтамасыз ететін ресурстар. Оларсыз қазіргі қала тұрғынына қиын» деп жазған. Енді коммуналдық кәсіпорындардың басшыларына тікелей жазып, мәселені шешуге болады. Қала әкімінің орынбасары бұл үшін мессенджерлерді белсенді пайдалануға шақырды. Себебі, жұмыс барысына байланысты қоңырауға жауап беру мүмкіндігі әрдайым бола бермейді,- дейді ол.

Осыдан екі күн бұрын Ұлттық арна осы мәселені көтерген болатын. Нұр-Сұлтан қаласындағы басқарма басшылары мен аудан әкімдерімен байланысу қиын. Тұрғындармен кері байланыс – аз. Журналисіміз Дулат Абибуллаев қала әкімі Бақыт Сұлтанов жариялаған тізімдегі нөмірлерге хабарласып, тек бірнешеуімен ғана байланыса алған еді. Дәл осы сюжеттен кейін елорда әкімдігінде сең қозғалып, бұл бағыттағы жұмыстарды қайтадан қолға алып жатқан көрінеді.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу