Атырауда әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды

22.05.2019

Қазір қала аумағында 5 ірі жоба жүзеге асуда. Шаһарда бұрын-соңды болмаған сәні мен сәулеті келіскен ірі ғимараттар бой түземек. Маңызды нысандардың біразын отандық мердігер компаниялар салып жатыр.

Бүгінде қаладан шығатын кәріз сулары сол күйі ашық алқапқа төгіліп жатыр. Енді бірегей кешеннің көмегімен лас су техникалық дәрежеде өңделетін болады. Жаңа станция тәулігіне 70 мың текше метр суды бактериялық әдіс арқылы тазалауға қауқарлы. Жоба құны - 10 млрд теңге. Құрылыс жыл соңында аяқталады.

Мәлік Аманов, облыстық Құрылыс басқармасының басшысы:

- Қазір қаладағы кәріздік желілер осы қондырғыға қосылды. Ендігі қалғаны -  осы жұмысты аяқтау. Қаражаттар қарастырылған жұмыс жүріп жатыр.

Бұған дейін қалада жастар үшін арнайы мекеме болмады. Енді 19 мың шаршы метр аумақты алып жатқан зәулім сарай желтоқсан айында тапсырылады.

Ғабдулла Сәрсенбаев, құрылыс учаскесінің басшысы:

- Ғимараттың ішінде бассейн қарастырылған. Сонымен қатар, 300 кісілік акт залы, баскетбол залы, гимнастика залы бар.

Жайық жағалауы да жаңа келбетке ие болады. Су жағасы бекітіліп, саябақтар салынады. 5 мың гектардай жерді алып жатқан орталық алаң да жаңғыртылуда.

Әділ Жұбанов, құрылыс компаниясының директоры:

- Бұрын бетоннан болатын төсеніштер болатын болса, қазір бәрі табиғи гранит. Көмкеріліп жатқан мрамор. Жалпы, осы жерде 8 фонтан болады.

Аймақта тұрғын үй құрылысы да қарқын алды. Мәселен, қалада 1440 пәтерлік 6 көпқабатты үй салынуда.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу