Келер жыл «Еріктілер жылы» болып жариялануы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келер жыл «Еріктілер жылы» болып жариялануы мүмкін

21.05.2019

Қостанайда өтіп жатқан Қазақстан-Ресей жастарының форумындағы еріктілердің ұсынысына мемлекет басшысы қолдау білдірді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы «Дипломмен ауылға», «Серпін» жобалары аясында кәсіби жас мамандарды демеу жұмыстары күшейтілетінін айтты. Жұмыс сапарымен Қостанай облысында жүрген президент жастармен кездесуден соң, әлеуметтік және индустриалдық нысандарды аралап, жақында ғана іске қосылған жаңа жобалармен танысты.

Өскелең ұрпақ – өрлеуге бастайтын күш. Сондықтан мемлекет жастар саясатына баса мән беріп отыр. Қостанайға сапарын еріктілермен кездесуден бастаған президент олардың жаңа жобаларымен танысты. Жастардың ортасында Қасым-Жомарт Кемелұлы жастардың тілінде сөйледі.

БҰҰ-да қызметі кезінде еріктілерге ерекше қолдау көрсеткен Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде де бұл бағыттан таймайтынын айтты.

Азаматтық бастамалар арқасында талай адам жоғалғанын тауып, жақындарымен табысты. Еріктілердің елі үшін еткен еңбегін елеген Президент олардың қатарын көбейту үшін арнайы дайындық орталықтарын ашып, әлеуметтік желілерде инфрақұрылымын құруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл акция бүкіл ел бойынша қолдау тапты. Өйткені қазақстандықтардың мақсаты ортақ – адамдарға жақсылық жасау. Елордада жастар соғыс ардагерлеріне көмек көрсетсе, Ақтөбе облысының жастары «Жүз елу қайырымды іс» қозғалысын бастады.  Маңғыстаулық еріктілер қарттар тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетті. Мұндай үлгі боларлық шаралар көп. Ал форум алдында маған «Қазақстанның таза өзендері» эко челленджі таныстырылды. Кеше сіздер Тобыл өзенін қоқыстан тазалап шыққандарыңызды білемін.  Мұндай жобалар мемлекет тарапынан барынша қолдау табуы тиіс.

Мемлекет басшысы форумға қатысқан мыңға тарта еріктіні қайырымды істі жалғастыра беруге шақырды. Ал олардың еңбегі еш қалмайтынын жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Жыл еріктісі» премиясы екі ел еріктілерінің ең үздік жобалары үшін табысталады. Осылайша, тың идеялар мен жасампаз жобалар ұсынған жастарды ынталандырамыз. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей еріктілері топтарының көшбасшыларының қатысуымен еріктілер кеңесін құруды ұсынамын.

Ел ертеңін ойлаған еріктілер болса, халық сенімін ақтауға уәде етті.

Форумнан соңында Президент өлкенің өркендеуіне үлес қосып жүрген өндіріс орындарын аралады. Көлік шығарудан көш бастап тұрған Қостанай облысы енді мынадай тракторларымен де мақтана алады. Техника сынақтан өтіп, солтүстіктің суығына да, оңтүстіктің аптабына да төзімді екенін дәлелдеді.

Өндірушілер бұл трактордың «халықтың сүйікті маркасына» айналарына сенімді. Өйткені бағасы қолжетімді, 8 миллион теңге. Жұмысшының жайлы еңбек етуі үшін де жағдай жасалған. Музыка тыңдайтын магнитофоны, күн ыстықта қосылатын салқындатқышы бар. 

Зауыт жылына үш мыңнан астам трактор шығаруды көздеп отыр. Әзірге техниканың 20%-ы ғана Қазақстанда жинақталады. Жоспар бойынша, отандық үлес жыл сайын арта түседі. 

Андрей Лаврентьев, «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:

Өндірістің төртінші жылына қарай трактордың кабинасы, қондырмасы, темір дискілерін Қазақстанда жасалып, локализацияны елу пайыздан асырамыз. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапарынан кейін  екі ел үкіметі өнеркәсіптік кооперация бағдарламасы аясында келісімдерге келді. Соның арқасында, қазақстандық өндірушілер трактордың бөлшектерін шығарып, Ресейдің ірі зауыттарына жібере алады. Бұл еліміздің машина жасау саласы үшін – үлкен мүмкіндік.

Сондай-ақ, қазаннан бастап қазақстандық шаруалар арасында сұранысқа ие Киров тракторлары да осы индустриалдық аймақта жинақтала бастайды. Ал, 3 жылдан соң жүк, өрт сөндіру, медициналық көліктер мен ауыр техника шығаратын зауыт іске қосылады. Президент жаңа жобалардың жоспарымен танысты. Кешеннің басты мақсаты – көлікті құрастырып қана қоймай, оған қажет қондырғыларды толығымен Қазақстанда шығару.

Ал мына серіктестік өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруды көздеп отыр. Ірі қара мал басының саны мың жарымнан асады. Автоматтандырылған жүйенің арқасында сүт өнімдерінің көлемі артып отыр.

Алексей Стоянов, «Олжа садчиковское» ЖШС мал шаруашылығы жөніндегі директоры:

Холдингтің бір миллион гектар жері бар. Оның үштен бірі, яғни 300 000 гектарын мал шаруашылығын, оның ішінде ет, сүт өнімдерін шығаруға арнаймыз. Жақын болашақта 2020 жылдан бастап облысымыздың әр ауданында осыған ұқсас сүт кешенін салу жоспарда бар.

Асылбек Болатаев, «Олжа садчиковское» ЖШС бас мал өсіруші маманы:

Сиырларды үш рет сауамыз. Бір тәулікте он, он бір тонна сүт сауамыз. Сол сүтті қайта өңдеуге жібереміз. Айран, ірімшік, қаймақ, май.

Мемлекет басшысы бір апта бұрын ғана ашылған «Қостанай көмек алаңына» да барды. Қалалық әкімдік жанынан ашылған алаңқайда әр бөлімнен бір маман отырады. Осылайша, түрлі сауалмен келген тұрғындар көмек пен кеңестің бірнеше ғимаратқа сандалмай, бір жерден ала алады.

 Марғұлан Алқуатұлы, «Іkomek» орталығының директоры:

Бір жеті уақыт ішінде 1200-ден астам қоңырау түсті. Оның 600-і операторлармен кеңес ретінде жабылып, толық қызмет берілді. Ал қалған өтініштері жүйеде тіркеліп, оның жартысы атқарылып, жабылды. Бірінші сұрақ: жол мәселесі. Жөндеу жүріп жатыр. Екінші: тұрғын-үй коммуналдық жүйесі бойынша.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу