Елордада наркозсыз күрделі операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада наркозсыз күрделі операция жасалды

21.05.2019

Есін толық біліп жатқан науқасқа күрделі операция жасалды. Медициналық тұрғыда ұйықтатпай ми ісігін алып тастады. Бұл – өте сирек кездесетін әрі қаупі жоғары операция. Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары науқастың жанын аман алып қалу үшін осындай тәуекелге бел буды. Операцияны наркозсыз жасаудың қажеттілігі қанша?

Операция столында жатқан науқастың жасы 53-те. Жарты жыл бұрын оның миында ісік бары анықталыпты. Соңғы кездері тілі күрмеліп, айтқысы келгенін толық жеткізе алмай, көп сөздерді ұмытып қала берген. Оның дертіне жалғыз ем – операция. Әрі әдеттегідей наркозбен ұйықтатып емес, есін біліп жатуы тиіс. Нейрохиругтар ең ауыр операцияға кірісті.

Науқасты ұйықтатпай операция жасау – өте күрделі әрі қауіпті саналады. Бірақ, мамандардың басқа амалы жоқ. Өйткені, оның миындағы ісік сөйлеу қабылетіне жауап беретін функцияның жанында орналасқан. Сол себептен ісікті алу барысында науқастың миын зақымдап алмау үшін, операция кезінде ол толық есінде болуы керек.

СЕРІК АҚШОЛАҚОВ, дәрігер:

Сөйлеу қабылетін, қай жерде жасап жатқанымызды түсінбес едік. Кей кезде болады, ісікті көріп, толығымен алғың келеді. Бірақ, ол ісік күрделі жерде тұрса, бір аяғы, бір қолы істемей қалуы мүмкін. Не болмаса тілі күрмеліп, байланып қалуы мүмкін. Сондықтан операцияның нәтижесі ойдағыдай болмайды.

Ағзасының ең маңызды нүктесіне жасалып жатқан операцияға қарамастан, науқас бізге сұхбат беруге келісті.

Елена Посвежная, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Мен сөйлесе алмайтынмын, өйткені сөздерді ұмытып қала бердім. Ісік үлкейе беретін еді. Соңында көз жұматын ба едім...біздің дәрігерлерге рахмет. Олар мені құтқара алады. Уайымдамаймын. Қазір бәрі жақсы.

Мұндай операция осыған дейін елімізде 15-ке жуық адамға жасалынды. Бәрі де осы нейрохирургия орталығында. Бұл күрделі операцияны жасауға бел буған әзірге жалғыз отандық орталық. Нәтиже жоғары. Науқастардың барлығы екінші өмірін бастады. Медицинаның құдыреті деген – осы. Операциядан шыққан Елена да еркін сөйлеп отыр. «Өмірімнің жаңа тынысы ашылды»,- дейді.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу