Жетісулықтар  екінші жыл қатарынан сиверс алмасының фестивалін ұйымдастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісулықтар  екінші жыл қатарынан сиверс алмасының фестивалін ұйымдастырды

21.05.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны деп ерекше атап өткен болатын. Бұл тұжырымның ғылыми дәлелі де жоқ емес. Бүгінде Алатау бөктерінде әлемдегі барлық алманың арғы атасы сиверс алмасы өседі. Дәл осы жабайы алманың қазір гүлдеп жатқан шағы. Жетісулықтар биыл екінші жыл қатарынан сиверс алмасының фестивалін ұйымдастырып, туристердің басын қосты. Осы бір тамаша кезеңді көзбен көру үшін көпшілік Жоңғар Алатауы бөктеріне жиналады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Жапон еліндегі сакураның гүлденуін тамашалауға бүкіл әлемнен мыңдаған турист жиналады. Ал, біздің сиверс алмасы сол шиеден қай жері кем?! Алдағы уақытта дәл осы жабайы алманың гүлдеуін тамашалауға арналған арнайы туристік бағыттар ұйымдастырылатын болады.

Жабайы алманың негізгі гендік қоры Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағында. Демек, мемлекет қорғауында. Табиғат жанашырлары жабайы алманы сақтап қана қоймай ,оны жаңартып, молайтып жатқан жайы бар.

Тоғжан Айғұлақова, «Жоңғар алатауы» МҰТП Сарқан филиалы директорының орынбасары:

Бір гектарға 833 сиверс алмасының екпе көшеттерін отырғызамыз. Жалпы, жыл сайын 2 мыңға жуық сиверс алмасының екпе көшеттері отырғызылады. 

Жандос Нұриев, турист:

Бүгін алманың отаны жер жаннаты Жетісу екеніне көзім жетті. Үлкен, тамаша әсер алдым осы саяхаттан.

Мыңдаған гектар жабайы алма бір мезетте гүлдегенде тау бөктері ерекше сұлулана түседі. Дәл осы сәтті көріп, суретке түсіп, сейіл құратындар қатары да артып келеді. Бірақ, алма фестивалі тек тамашалау ғана емес. Мұнда ұлттық ойындар, салт-дәстүр мен дастархан мәзірі, бәрі бар. Басты мақсат - турист санын арттыру.

Марат Разбеков, Сарқан ауданының әкімі:

Елдер естісе, алманың нағыз өскен жерін тамашалауға келеді. Бұл туризм. Туризм  болса, жаңа жұмыс орны деп айтуға болады.

Мамыр айының алғашқы екі аптасы алманың жаппай гүл жаратын кезеңі. Болашақта облыстық туризм басқармасы мен жергілікті билік фестиваль аясын кеңейтіп, халықаралық деңгейде өткізуге мақсат қойды.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу