Алматыда 195 көпбалалы отбасы жеңілдетілген бағдарлама арқылы несие рәсімдеп жатыр. Ал, үйге өтініш жазған отбасылардың алғашқы 12-сіне баспана берілді. Жаңа пәтерлердің кілттерін қала әкімі Бауыржан Байбек табыс етті.
Бақыт Серімбекова - 5 баланың анасы. Ол бірнеше жыл армандаған үйіне кішкентайларын жетелеп келіп, өзі де балаша қуанды. Алматыда 20 жылдан бері тұратын отбасы үй азабын әбден тартқан. Көшіп-қонып, бірде туыстарын паналаса, бірде пәтер жағалап күн көрген. Қанша жұмыс істесе де, табысы үйдің алғашқы жарнасын төлеуге жетпеген. Ал, бүгін әкімдіктің қолдауымен жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.
Бақыт Серімбекова, көпбалалы ана:
- Үш жыл бұрын кезекке тұрып едім. Үй кезегін алып жатырмыз, міне, тез келіп. Бұл үйге 70 мың төлейміз, өзіміздің үйіміз ай сайын. 8 жылға дейін 70 мыңнан, содан кейін 11 жыл 50 мыңнан төлейміз. Қаланың ортасында көшіп жүрмейсің, ыңғайлы, мектеп де жақын.
Несиенің ең жоғарғы сомасы - 15 млн теңге. Бастапқы жарна – үй құнының 10 пайызы. Жылдық үстемақы - 2 пайыз. Бұл әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға ыңғайлы. Жеңілдетілген бағдарлама арқылы қуанышқа кенелген жандардың арасында кезекке биыл ғана тұрғандар да бар.
Айбек Сәйділдаев, қалалық Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы бағдарламаның арқасында мамыр айында тұрып, пәтерлі болып жатыр. Бұл бағдарламаның оң шешімі осындай болып жатыр.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы әрі қарай жалғасады. Қазір 345 отбасының құжаттары банктің өкілдерінің қарауында жатыр. Ал, Алматыда жалпы 22 700 адам үй кезегінде тұр. Оның 1700-і - көпбалалы отбасы. Дені - банктің алғашқы жарнасын төлеуге қауқары жетпейтіндер. Сондықтан оларға әкімдік тарапынан 1 миллион теңге сыйға берілуде.
Аманкелді СЕЙІТХАН