Бұл мәселе Қызылордада арнайы комиссия отырысында қаралды. Өңірдегі бірқатар мекемелер еңселі Елтаңбамыз бен тұғырлы туымызға немқұрайлы қараған. Осындай кемшіліктерге жол бергендер енді жауапқа тартылады.
Қармақшы ауданына қарасты Жаңажол, Ақжарма ауылдық округі әкімдіктерінің кабинетіндегі туды кір шалған, ал Жалағаш ауданындағы Бұқарбай батыр ауылдық мәдениет үйіндегі тудың айшығы сынған. Сондай-ақ Байқоңыр қаласындағы әділет департаментінің бөлімшесінде рәміздер дұрыс орналаспаған. Мемлекеттік рәміздердің насихатталуы мен стандартқа сай қолданылуын тексерген облыстық инспекция осындай олқылықтарды анықтады.
Талғат Маханов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:
Анықталған кемшіліктердің барлығы жоюға келетін кемшіліктер. Бірақ, орын алғандықтан оны тізбелеп жатырмыз. Мұның барлығы мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру және ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, түпкі мақсат сонда жатыр.
Білім беру мекемелерінде де олқылық жетеді. Қателіктерді жою үшін нақты тапсырмалар берілді. Кемшіліктерге жол берген жауапты тұлғалар жазасыз қалмайды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, оның қолданылу аясын кеңейтуге ерекше мән беру керек. Қазалы ауданында өткен жылы 43 миллион теңгеге Рәміздер алаңы салынса, енді Қармақшы ауданында «Қазақ хандығынның 550 жылдығы» аллеясы жанынан жаңа рәміздер алаңы бой көтереді.
Жандос Базартай, облыстық инспекциялық топ мүшесі:
Егерде біз мемлекттік рәмізге құрметпен қарау деген мәселені түпкілікті қарайтын болсақ, онда адамдардың жан-дүниесін, мемлекеттік рәмізге деген құрметін ішкі жан-дүниесін тәрбиелеуіміз керек. Бүгінгі комиссияда осы мәселе хаттамаға енгізілді. Енді аймағымызда кез-келген мемлекеттік маңызды іс-шараларда мемлекеттік гимнді жанды дауыста орындау.
Бұл – мемлекеттік рәмізге деген құрметті арттырудың бір әдісі. Ішкі саясат басқармасы мен жастар алғашқы болып игі бастаманы қолдады. Енді өңірдегі барлық мемлекеттік мекеме, сондай-ақ білім беру ұйымдарында әнұран таспада емес, жанды дауыста орындалады.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ