Астаналық экономикалық форумда әйелдердің белсенділігін арттыру мәселесі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналық экономикалық форумда әйелдердің белсенділігін арттыру мәселесі талқыланды

17.05.2019

Бүгін осы тақырыпта арнайы панелдік сессия ұйымдастырылды. Оған Орта Азия мен Еуропаның беделді қыз-келіншектері қатысып, өз ойларын ортаға салуда. Әйелдердің ғылымдағы, инновациядағы, бизнестегі рөлі басты тақырыпқа айналды. Мамандардың айтуынша,  біздің елде гендерлік саясат дұрыс бағытта дамып келеді. Нақтылап айтқанда, мемлекеттік мекемелерде, алпауыт компанияларда, ғылыми ортада, бизнесте қыз-келіншектердің үлесі өсіп келеді. Дегенмен, басқару орындарында еркектердің саны әлі де болса әлдеқайда көп дейді әйелдер қауымы. Белсенді әйелдердің айтуынша, елімізде ақылды қыз-келіншектер өте көп, бірақ олар көп жағдайда өз идеяларын іске асыруда кедергілерге тап болады. Яғни, ғылыми жобалар, инновациялық бастамалар, бизнесті қаржыландыру сынды салаларға әйелдердің көбірек басымдық беру қажеттігін алға тартуда. Қысқасы, бұл жиынға қатысушылардың көпшлігі «алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген жаңсақ ұғымнан арылуымыз қажет деп отыр.

Айгүл Соловьева, Қазақстанның экологиялық қауымдастығы ұйымының төрайымы:

Жалақысы өте жоғары лауазымды қызметтерде негізінен еркектер. Яғни, олар үнемі әйелдерді басқарып отыр. Әйелдер бастық болса, мың түрлі сұрақ туындап шыға келеді. Әрине, бізде әйелдердің дамуына ешқандай кедергі жоқ. Бірақ, мән беру жағы аздау секілді. Мысалы, бизнесте болсын, барлық салада әйелдердің айлығы төмен, көбісі қарапайым қызметте. Демек, бүгінгі форумда осы мәселенің барлығы қамтылады.

Ербол Мәндібек

Хабарламаларға жазылу