Батыс Қазақстанда киік лағын өргізді. Бөкеннің төлдеу маусымы мамырдың алғашқы онкүндігінен кейін басталды. Киік қорғаушылармен қатар, ғалымдар да дала кезіп, жануардың көбеюін зерттеп жүр. Табиғаттың ерекше құбылысын шетелдіктер де жыл сайын қызықтауға келеді. Төлдеу маусымының қалай өтіп жатқанын өңірдегі тілшіміз Ардақ Мұратқызы көріп қайтты.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
- Төлдеу кезінде далада сақ жүру керек. Кез келген жерде бөкеннің лағы жатуы мүмкін. Мінекей, алдымыздан біреуі орғып өтті. Олардың терісі жер түстес болғандықтан, бірден байқалмайды. Мысалы, мынау биылғы төл. Салмағы 2,5-3 келідей. Жалпы төлдеу маусымы әлі бір аптаға дейін созылады.
Бұл - Оралдан 500 шақырым қашықтықтағы Жәнібек ауданының аумағы. Биыл киік осы мекенде төл өргізіпті. Былтырғы санақ бойынша елімізде бөкен саны 215 мыңнан асады. Соның 70 пайызы, яғни 135 мыңы Батыс Қазақстанды мекендейді. Қазір құралайды қорғау үшін күзет күшейтілген.
Сырым Орынғалиев, «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының инспекторы:
- Киіктердің бір ерекшелігі – төлдеген кезде лақтарын тастап кетеді. Оны басқалары жатырқамай, емізе береді. Екі сағат арасында оянып, енесімен бірге шауып кетеді. Қазіргі таңда оларды 4 топ бақылап жүр.
Киік қорғаушылармен қатар, ғылыми қызметкерлер де бөкеннің соңында. Мамандар күніне 20-30 шақырым жаяу жүреді. Құралайдың өмір сүру ұзақтығын, олардың алған бағытын білу үшін құлағына сырға салады. Киіктің төлдеуін қызықтап, зерттеушілер арасында шетелден келген мамандар да бар.
Мунип Каниаби, Оксфорд және Бристоль университеттерінің PhD студенті:
- Мұнда екінші рет келуім. Киіктің неден ауыратынын, мал ауруының оларға әсерін зерттеп жүрмін. Сынамаларды Англияға апарып, студенттермен бірге сараптама жасаймыз.
Альберт Сәлімгереев, Қазақстанның биоалуан түрлілігін сақтау қауымдастығының жетекші маманы:
- Төлдеу маусымы өте жақсы өтіп жатыр. Жаппай өлім, шығын жоқ. Негізінен егіз туып жатыр. Үшемдер де бар. Осымен төртінші жыл келуіміз. Ғылым үшін өте құнды мәліметтер жинап жүрміз.
Ақбөкенді атуға 2020 жылға дейін мораторий жарияланып, тыйым салынды. Алайда, қаскөйлер айылын жияр емес. Соңғы екі жылда киік атып, мүйізін сатқан 88 тұлға сотталды. Сайын даланың киесі саналатын жануар әлі де адам қамқорлығына зәру.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ