Қытайлық кәсіпкерлер Солтүстік Қазақстан облысының экономикасына инвестиция салмақшы. Келісім аясында 2016 жылға дейін Петропавл қаласында 10 балабақша тұрғызу көзделген.
Қытайлық әріптестерімен кездескен облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұл меморандумның екі жаққа да тиімді екенін атап өтті. Біріншіден, Қызылжар өңірінде балабақша тапшылығы әлі күн тәртібінен түскен жоқ.
Сондықтан, шетелдік инвесторлардың бұл салаға қаржы құюы мәселені түбегейлі шешпесе де, жеңілдететіні сөзсіз. Бұдан басқа, қытайлық кәсіпкерлер Петропавл-Қорған тасжолының 68 шақырымын күрделі жөндеуден өткізбекші.
Серік Мұхамедиев, облыстық Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары:
Бұл - Қазақстан үшін алғашқы тәжірибе. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқасында Петропавлдан Ресей Федерациясының Қорған қаласына апаратын жол жөндеуден өткізілмек. Содан кейін аталмыш жол жүк машиналары үшін ақылы болады. Жоба құны - 120 миллион доллар. Сондай-ақ, 30 жыл ішінде қытайлықтар құйған инвестиция өздеріне қайтарылуы тиіс.
Хэ Чэн, ҚХР Шэньси шағын қаласының үкімет өкілеттілігінің жетекшісі:
Балабақша салу мен жол жөндеу жұмыстары алдағы уақытта екіжақты әріптестікті нығайта түседі, деген сенімдеміз. Алдағы уақытта аталмыш жоба аясында жол жөндеу және баспана салу жұмыстарын қолға алуды жоспарлап жүрміз. Бұл жұмыстардың барлығы біздің респубикамызға да пайда әкелетініне сенімдіміз.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ