Түркістандық кәсіпкерлер жол құрылысынан жапа шегіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық кәсіпкерлер жол құрылысынан жапа шегіп отыр

15.05.2019

Түркістандық кәсіпкерлер жол құрылысынан жапа шегіп отыр. Қаланың орталығындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы көше жөндеуге жабылған.  Соның кесірінен көше бойындағы барлық бизнес нысаны тығырыққа тірелді,- дейді кәсіпкерлер. Өйткені астаң- кестеңі шығып жатқан жолмен қазіргі уақытты көлік тұрмақ, адам аяқ алып жүре алмайтын болған. Мәселенің мән-жайын осы өңірдегі тілшіміз Гүлжазира Ғалиқызынан білсек.

Гүлжазира  Ғалиқызы,  тілші:

Бұл - Түркістандағы орталық көшелердің бірі. Осылай ойраны шығып жатқанына 1 жарым ай болған. Алайда, көріп тұрғандарыңыздай қыбырлаған адам жоқ. Техникалар да көрінбейді. Ал бұдан жол жағасындағы кәсіп иелері зиян шегіп отыр.  

Азат Әзімов - етікшілікпен нан тауып жүргеніне  - 34 жыл. Екі айдан бері көңіл күйі жоқ. Әдетте адам аяғы арылмайтын кішкентай дүңгіршегінің дүбірі басылып қалды. 

Азат Әзімов, етікші:

Жұмыс тоқтады. Жұмыс жоқ. Адамдар келе алмайды. Адамдар келу үшін жол жақсы болуы керек емес пе?

Етікші ғана емес, тігінші, шаштараз, сатушы, тіпті ірі дәмхана, қонақ үй иелері де  тәп-тәуір жолдың топалаңын шығарып тастағандардың шабан тірлігіне наразы.  Әсіресе, алыс-жақыннан келген қонақтарды қабылдай алмай, ұятқа қалдық. Ол аздай, шығынға баттық,- деп шыр-пыр.       

Гүлнәр Әбдалимова, дәмхана қожайыны:

Бәрі бізге келетін еді. Қазір шаң жолда. Көлігін қоятын жер жоқ.  Жаяу жүргісі келмейді. Жаңбыр күндері лай болады.

Шахсана Маматраимова, фармацевт:

Мысалы мен дәріханада қызмет істеймін. Сауда 80-90 процентке азайды.

Ділзухра Әбдісәламова, сатушы:

Кредиттеріміз бар, салығымыз бар, жарығымыз бар, оның бәрін қалай төлейміз, клиенттеріміз келмей жатыр.

Жап-жақсы қарқынмен басталған құрылыс жұмыстарының соңы неге сиырқұйымшақтанып кетті? Мұны жол құрылысына жауаптылардан сұрадық. Айтуларынша, Түркістан көшелеріне жер асты инфрақұрылым желілері салынбаған. Соған орай қайта жобалау жұмыстары қол байлау болған.

Байдулла Оразбеков, Түркістан қалалық әкімдігі жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

Ертең асфальт салғаннан кейін, қайта қазып жүрмес үшін сарқынды су мәселесін біржола жүргізіп кетеміз бе деген мәселе көтерілді. Бірақ дайын жобасы болмады. Сондықтан, жұмысты қайта жалғастыру туралы шешім қабылданды.

Демек, дұрыс жобалап алмай тұрып, Қожанов көшесін қопарып тастағандар- енді бір ай көлемінде құрылыстың қайта жанданады дейді. Жалпы, биыл Түркістан қаласында осындай 74 көшені жөндеу жоспарда. Оған облыстық және қалалық бюджеттен 3 жарым мрлд теңге бөлініпті.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу