Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының арасын жалғайтын көпір жөндеуді қажет етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының арасын жалғайтын көпір жөндеуді қажет етеді

14.05.2019

Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының арасын жалғайтын көпір адам өміріне қауіпті. Осыдан 30 жыл бұрын салынған өткел бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Қазір көлік өтсе, бағаналары қозғалып, бетон жабындысы дірілдейді. Жергілікті атқамінерлер болса, 4 жыл бұрынғы сараптама қорытындысына сүйеніп, көпірді апатты жағдайда емес деп отыр.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

- Бұл ауыл мен ауданды және облыс орталығын байланыстыратын көпір. Үстімен тәулігіне 20 мың көлік өтеді. Оның басым бөлігі 50-60 тонналық жүк көліктері. Жүргізушілер көпірдің қауіпті екенін біледі. Дегенмен, өзге жолдың жоқтығынан басын қатерге тігуге мәжбүр.

Көпірдің бағаналары жарылып, жиектері опырылған. Құрылыс материалдары үгітіліп жатыр. Көпірден күнде өтетін жүргізушілер жағдайды айтып, дабыл қақты.

Олжас Тәженбаев, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

- Біз мына көпірмен күніне 5-6 рет өтеміз. Бұл көпір апаmтық жағдайда тұр. Білінеді, кәдімгідей дірілдеп тұр.

Көпірдің техникалық жағдайы 2015 жылы тексерілген. Сараптама қорытындысы бойынша жөндеу жүргізілетін болып шешілді. Алайда өткелді жаңалау жобасы белгісіз себептермен кейінге шегеріліп келді.

Берік Әбдіхалық, аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Апатты деп тану үшін облыстық деңгейде штаб құрылады. Соның негізінде апатты деп танылу керек. Ондай жұмыстар жүргізілген жоқ. Ол көпір апатты деп танылған жоқ.

Көпірді қайта жөндеу үшін шамамен 200 млн теңгедей қаржы қажет. Жоба іске асса, заман талабына сай, 4 жолақты көпір салынады.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу