СҚО-да өрттен зардап шеккен көпбалалы отбасыға үй берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да өрттен зардап шеккен көпбалалы отбасыға үй берілді

14.05.2019

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына оңтүстік өңірден көшіп келген Жұбаевтар отбасына жаңа үй берілді.

Естеріңізге салайық, ақпан айында бұл жанұяның шаңырағы отқа оранып, 5 баламен далада қалған еді. Жергілікті тұрғындар мәселеге бейжай қарамай, асарлатып, тауқымет тартқан отбасыға жаңа үйдің кілтін табыс етті.

Жұбаевтар отбасы теріскейге оңтүстік өңірден осыдан 3 жыл бұрын көшіп келген. Ерлі-зайыптылар мектепке жұмысқа орналасты. Су жаңа баспана беріліп, мәре-сәре ғұмыр кешіп жатқанда, тілсіз жау шаңырақтың шырқын бұзды.

Бибінұр Бексейітова, мұғалім:

- Күйеуім оңтүстікке кеткен кезде электрден өрт шығып, тек қана 4 баламды алып шығып үлгердім. Басқа ешнәрсе шығара алмадым. Көпшілік көмектесті. Рақмет.

Қазір Жұбаевтар отбасы бүкіл аудан болып асарлатып салып берген үйде тұрып жатыр. Жиһаз бен қажетті жабдықтың бәрі бар. Жерлестерінің қамқорлығы мен кеңдігіне отбасы мүшелері дән риза.

Ақнұр Жұбаева, оқушы:

- Бірінші кезде біртүрлі болып жүрдім, бірақ кейін үйренісіп кеттік. Мектеп ұнады, келгесін үздіктердің қатарына іліндім.

Жұбаевтар тұратын Ступинк ауылында оңтүстіктен көшіп келген 10 шақты отбасы түтін түтетіп отыр. Бәрі де жұмыспен қамтылған. Кәсіп ашқандары тағы бар. «Ең бастысы ынта керек, еңбек етемін деген жанға жұмыс табылады»,- дейді мұндағылар.

Сағындық Сәбитұлы

Хабарламаларға жазылу