Сириядағы отандастарымызды елге эвакуациялау жоспары да алдыңғы операция сияқты жан-жақты ойластырылып жүзеге асырылды. Осылайша, Қазақстан терроризммен күрес жүргізе отырып, қиын жағдайда қалған азаматтарына қолұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайтынын тағы да дәлелдеді.
59 әйел, 156 бала. Ата-анасыз қалған 18 сәби. Халықаралық террористік ұйымдардың 16 қатысушысы тағы бар. «Жусан-2» операциясы бұл жолы да кәсіби әрі сәтті орындалды.
Елге жеткен азаматтардың жанарынан қуаныш сезімі байқалады. Сәбилер таңырқаулы. Жараланғандарына жедел көмек көрсетілуде. Адасып, артынан адам ертіп, өзге елдегі қақтығысқа қатысқандар арнайы жасақпен жеткізілді.
Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар елімізге қайтарылған азаматтармен оңалту шараларын жүргізуде. Жат жердегі шайқаста бауыр еті баласынан айырылған аналарға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді. Сирияға анасымен бірге барып, жетім болып оралған сәбилердің жарым көңілін кім толтырады?
Естеріңізде болса, Елбасының тапсырмасымен қаңтарда дәл осы «Жусан» операциясы аясында Сириядан 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала елге жеткізілген болатын. Оларды қайта бейімдеу оң нәтижесін беруде. Яғни, жат ағымның жетегінде жүріп санасы уланған азаматтар радикалдық өмірден бас тартуда.
Мемлекет басшысы өз кезегінде «Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қолұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайды. Гуманитарлық акция жалғаса береді»,- деді.
Ербол МӘНДІБЕК