Қарағанды облысына биыл жыл соңына дейін ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аясында шетелден 10 мың асыл тұқымды мал әкелінбек. Бұл - өңірдің агрокешеніндегі ет пен сүт өндірісіне үлкен серпін. Жақында ғана Осакаров ауданындағы шаруа қожалықтарының біріне Чехиядан асыл тұқымды сиырлар жеткізілді.
Бұл асыл тұқымды сиырлар жеті күн дегенде сонау Еуропадан Қарағанды жеріне жеткізілді. Етті әрі сүтті симментал сиырлары біздің климатқа, жайылымға тез бейімделеді. Сол үшін шаруа қожалығы нақ осы тұқымға таңдау жасап, 92-сін сатып алған.
Қадірбек Мейрамбеков, ЖШС директоры:
- Тек қана етті тұқым болса, оны бұзаулатып, ол бұзауды 16-18 айға дейін бордақылағанша көп уақыт кетеді. Ал, жұмыскерлерге жалақы алу керек. Сондықтан біз әрі ет, әрі сүтті тұқымды таңдадық. Тура осындай жастағы тайыншалар 300 келіден аспайды. Ал мыналар екі есе салмақ басады.
«Әкелінген сиырлар 3 айда түгел төлдейді»,- деп отыр мамандар. Дұрыс күтім көрсе, бұзаулары тәулігіне 1 келіге дейін салмақ қосады екен. Шаруа қожалығына жыл соңына дейін осындай 500 сиыр жеткізілмек. Ол үшін «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 15 жылға жеңілдетілген несие алған.
Қарағанды облысына биыл шетелден 10 мың асыл тұқымды мал әкелінеді деп жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда өңірде ірі қара мал 5 пайызға артып, саны - 370 мыңға жеткен.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ