Әлі күнге дейін анықталмаған мақұлық түн ортасында қораға түсіп, қой-ешкіні жайрата салатын көрінеді. Ұсақ малдың қарнын жарып, кейін қанын соратын беймәлім жануардан ауыл тұрғындары да қауіптенеді.
Жандос Темірғали, тілші:
- Ауылдағы жұрттың қорасына беймәлім жануар алғаш рет желтоқсан айында түскен. Бүгінге дейін 20-ға жуық қой-ешкі жыртқыштың азуында кетті. Малынан айырылып, жер сипап қалған тұрғындар әлі күнге дейін қандай жануар екенін білмей дал. Бастысы, ол өте қу әрі сақ дейді ауылдықтар.
Белгісіз хайуан желтоқсан айында Қали Жұмашевтің 9 ешкісін қырып тастаған. Азын-аулақ малынан айырылған тұрғын, қарсы келген жыртқышты өз қолымен өлтіріпті.
Қали Жұмашев, ауыл тұрғыны:
- Ит емес, басқа ғой деп, айырмен өлтірдім. Шшкілерімді қарасам, бәрі өліп жатыр. Содан мал дәрігерін шақырдым ауылдан.
Өлтірілген беймәлім аңның бас сүйегі зертханаға жіберілген. Қорытындыға сай, жыртқышта құтырма ауруы анықталмапты. Жергілікті мал дәрігерлері мұндай жағдайды бұрын-соңды көрмегендерін айтады.
Сатыбалды Оразғалиев, қалалық ветеринариялық станциясының директоры:
- Ол аурудан таза болып шықты. Ол белгісіз аң. Оны зертханаға тапсырдық. Қарсақ деп жазылды документінде. Қарсақ емес, қарсақтан үлкен. Мысықтан үлкендеу, сілеусін секілді аң.
Жыртқыш торуылдаған ауылда 2 мыңға жуық халық бар. 18 үй ұсақ мал асырайды. Бүгінде 6 тұрғынның қой-ешкісі қансорғыш аңның жемтігіне айналды. Жұртшылық өзімізге шабуыл жасамай ма деп алаңдайды. Ал, жергілікті әкімдік даурығуға негіз жоқ, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтады.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ