Көкшетауда Отан қорғаушылар күні сән-салтанатымен тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда Отан қорғаушылар күні сән-салтанатымен тойланды

07.05.2019

Бұл күнде ерлігімен көзге түскен бірнеше азамат марапатталды. Тәуелсіздік алаңында елдің айбынды азаматтарының құрметі үшін өнерпаздар күні бойы концерт берді.

Асхат Еркашев - Полиция департаментінің қызметкері. Кіші сержант өткен жылдың күзінде өртке оранған үйден 10 адамды аман алып шыққан. Оның 7-еуі бала. Батылдығымен дараланған Асхат бүгін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін кеудесіне тақты. Айтулы мерекеде өзгелер де түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.

Асхат Еркашев, облыстық Полиция департаментінің қызметкері:

- Кезекшілікке кіріскен болатынбыз. Жарылысты естідім, үйде өрт басталды. Бірден адамдарды құтқаруға жүгірдім. Еліміздің кез келген азаматы осылай істер еді деп ойлаймын. Барлық әріптестерімді, Қазақстан халқын мерекемен құттықтаймын.

Асқар Шәріп - әлі курсант. Қазір Көкшетау техникалық институтында оқиды. Бұл - елімізде азаматтық қорғаныс саласында мамандарды дайындайтын жалғыз оқу орны. Әскери киім киіп, сарбаз болу - Асқардың бала күнгі арманы.

Асқар Шәріп, Көкшетау техникалық институтының курсанты:

- Біздің негізгі мақсатымыз - төтенше жағдай аумағында медициналық және психологиялық көрмек көрсету. Дегенмен де еліміздің тыныштығы мен бейбіт заман үшін біз де қолдан келгеннің бәріне атсалысамыз. Осы сәтті пайдаланып, айбынды азаматтарды құттықтаймын.

Арнайы жасақ қызметкерлері көпшілікке дайындық деңгейін паш етті. Бұл ертеңге деген сенім. Қауіпсіздік кепілі.

Орталыққа жиналғандар көп болды. Олардың тілегі бір. Елдің тыныштығы - басты құндылық.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу