Қасиетті Рамазан айы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасиетті Рамазан айы басталды

06.05.2019

Қасиетті ай биыл 6 мамырдан 5 маусымға дейін, яғни 30 күнге созылады. Қасиетті Қадір түні - 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн. Ал Ораза айт маусымның 5-і күні басталады. Сонымен қатар, Рамазан айында елдің барлық мешітінде тарауық намаздары оқылады.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

- Ораза – адамзатқа міндеттелген бес парыздың бірі. Бұл жын-шайтандардың кісенделіп, жақсылықтың, құлшылықтың еселенетін айы. Рамазанда балиғат жасына толған әр адам оразаға ниет етіп, таңертеңнен кешке дейін ішіп-жеуден тыйылуы міндет.

«Рамазан - сауаптар көбейіп, күнәлар төгілетін, ұлы кешірім және тәубе айы. Құранда «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді», делінген. Сондықтан, қасиетті айда әр мүмин ораза ұстауға міндетті», - дейді имамдар.

Ермек Көкірекбаев, Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы:

- Барша қазақстандықтарды Алла тағаладан кешірім сұрауға, Аллаға көп сыйынуға, жүрегімізді жаратқанмен байлауға шақырамын. Алла тағала осы айда көп жақсылық жасауды жазсын.

Динара Нұрасилова денсаулығына байланысты кейінгі бірнеше жыл ауыз бекіте алмаған. Ал, биыл дәрігермен кеңескеннен соң ораза ұстауға бекініпті. «Себебі сырқаттанғанда тойып тамақ ішкеннен көрі, ішіп-жеуден тыйылған дұрыс», - дейді ол.

Динара Нұрасилова, қала тұрғыны:

- Жылына бір рет келетін оразаны, 30 күнде ұстауға, енді Аллаға құлшылық етіп, бір жағынан денсаулыққа пайдалы деп, бір жағынан күналарың кешіріліп, сондай мақсатта ұстап жатырмын.

Дәрігерлердің сөзінше, ашығу кезінде адам ағзасында таң қаларлық жағдайлар болады. Мысалы, асқазан бос болса, ішкі құрылыстың жұмысы жақсарып, қан айналымы дұрысталады. Тіпті, ауыратын организмнің өзін-өзі емдейтін кездері аз емес.

Мұрат Оңғарбаев, дәрігер:

- Күнделікті тамақ ішетін адамдарда ішек-қарын әрдайым толы, керексіз заттарға толы болады. Ал мынау ораза ұстаған кезде ол тазарып, аз тамақ ішкеннің салдарынан қан тазарады.

Биыл оразаға орай елімізде көптеген қайырымдылық шара қолға алынбақшы. Атап айтсақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет» қорының тарапынан алдағы күндері көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға пәтер беріліп, түрлі сыйлықтар табыс етіледі. Сонымен қатар, мешіт аулаларына киіз үйлер тігіліп, ораза ұстағандарға тегін ауызашар беріледі.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу