Алматы облысында жас мамандарға пәтер беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жас мамандарға пәтер беріледі

02.05.2019

Алматы облысының Балқаш ауданында жас мамандарға ерекше қолдау көрсетіліп келеді. Биыл өңірге қарасты бірнеше елдімекенде мұғалімдер мен дәрігерлерге баспана беріледі. Сонымен қатар, аталған аймақта спорт, медицина, білім саласын одан әрі дамыту үшін игі бастамалар қолға алынды.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

- Мінекей, Ақкөл ауылының ортасында мынадай бес үй соғылып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, 30 маусымнан бастап пәтерлердің кілті жас мамандарға, яғни ауылдағы мұғалімдер мен дәрігерлерге табысталады. Бұл, аудан басшылығының айтуы бойынша Жастар жылы аясында жастарды қолдау мақсатында қолға алынып отыр.

Осы жылы Балқаш ауданында жас мамандарға жиырма тұрғын үй салу жоспарда бар. Оған қажетті қаржы да бөлінген. Қазір Ақкөл ауылынан бөлек, Қараой, Көктал елді мекендерінде де құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Сонымен бірге, Ақкөл ауылында осы заманға сай спорт алаңы салынып, оқушылардың игілігіне пайдалануға берілді. Алаңға ауылда ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет еткен Қайшыбай Әбіләкімұлының есімі берілді. Бұған қаржылай қолдау көрсеткен мұғалімнің ұрпақтары. Нысанның ашылу рәсіміне Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев пен Ақкөл өңірінен шыққан елге белгілі өнерпаздар, білім саласының үздіктері, ауыл тұрғындары қатысты.

Герой Жолтаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик:

- Қай жерде болса да мектепке көңіл бөліну керек. Жастарға көңіл бөлу керек. Жастар - елдің болашағы. Жастардан аямау керек.

Жергілікті жұрттың сөзінше, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі табыс пен тұрмыс сапасын арттыру, сол үшін жастарды жаппай қолдау керек» деген сөзі қуат берді. Себебі биыл Жастар жылы аясында осындай спорттық нысандардың саны артып, жас мамандарға қолдау көрсету шаралары жиі өтпекші.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу