Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында халық қауіпсіздігін көпұлтты ұжым қорғап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында халық қауіпсіздігін көпұлтты ұжым қорғап жүр

02.05.2019

Ақтөбе облысының шағын ғана Мәртөк ауданында 40-қа жуық ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Мұндағы халық әр мерекені бір атаның баласындай ауызбіршілікпен өткізуге дағдыланған. Ауылдағы ірі мекемелердің барлығы дерлік көпұлтты.

Николай Трошин құқық қорғау саласында 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ресейде дүниеге келген неміс ұлтының өкілі Қазақстанда өсіп, білім алды. Ал, мемлекеттік тілді небәрі үш айда меңгеріп алған. Ол көпұлтты аудан халқымен екі тілде де еркін сөйлеседі. Басқа әріптестері оны үлгі тұтады.

Николай Трошин, Мәртөк аудандық полиция бөлімінің инспекторы:

- Өскен жерім Сарыжар, Хлебодаровка ауылы. Мұнда, Мәртөкте 2005 жылдан бері тұрып жатырмын. Жұмысқа кірген уақытта көшіп келдік. Бәрімен қазақ тілінде сөйлесемін.

Бұл ұжымда 10-ға жуық ұлт өкілі қызмет етеді. Қызметкерлер барлық мерекені бірге тойлап, бір-біріне қолдау білдіріп отырады. Ал, қызмет барысында ортақ талапқа бағынады. Бөлімдегі қай ұлт өкілінің болмасын, мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше.

Наталья Подковырова, Мәртөк аудандық полиция бөлімінің инспекторы:

- Мен 14 жылдан бері осы мекемеде жұмыс жасаймын. Менің балам қазақ мектебіне барады. Біз қазақ тілінде сөйлейміз. Еліміздің бірлігі нығая берсін!

Айбат Ерғалиев, Мәртөк аудандық ІІБ бастығының орынбасары:

- Жұмыс нәтижесіне оң баға беруге болады. Барлық ұлт өкілдері бөлінбей, өзара тату-тәтті өмір сүреді және бірге жұмыс атқарады.

Ынтымағы жарасқан ұжымның сапалы жұмысының арқасында аудандағы қылмыстық ахуал да тұрақтанған. Мұндағы қызметкерлердің барлығы: «Туған еліміз бен туып-өскен ауылымыздың болашағы үшін аянбай еңбек ете береміз», - дейді. 

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу