Түркістан шаһары гүлденіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан шаһары гүлденіп келеді

01.05.2019

Тарихымен теберік саналатын Түркістан шаһары биыл жылдағыдан ерек әсем келбетке ие болды. Көктем келгелі шаһардың 1 мың гектардан астам жеріне арша, талшын, бозарша, қарағаш және жиде секілді 100 мың ағаш көшеті егілді. Сондай-ақ, шаһардың орталық көшелері мен саябақтар, демалыс орындары қызылды-жасылды алуан түрлі гүлдермен көмкерілді.

Запырангүл. Көпжылдық раушан мен түймедақ. Бәйшешек пен жауқазын. Бүгінде дала гүлдерінің осындай алуан түрі қалаға көрік беріп тұр. Әсіресе, голландиялық шырайгүлге көз салмай өту мүмкін емес. Мамандар бұл гүлдердің тамыры өңірдің табиғатына аса бейім екенін айтады.

Несібелі Ысқақова, бағбан:

- Петуня деген гүл. Бұл гүл шыдамды. Біздің климатқа төзімді гүл. Өте жақсы өседі. Мұның ақ пен көгін оюға сай егіп жатырмыз.

Дүниежүзі голланд қызғалдағы атап кеткен Грейг тұқымының отаны –Қазақстанның оңтүстігі екені қазір көпке мәлім. Сондықтан көкорай көктемнің, көрікті тіршіліктің жаршысындай болған жауқазын гүлдердің тұқымы Түркістанның топырағын тез жерсініп, жылдам гүл ашты. Былтыр күзде егілген 300 мың түп қызғалдақ қазір қып-қызыл шоқтай боп, төңіректі құлпыртып тұр.

Халқының саны күн санап өсіп келе жатқан қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін сондай-ақ түрлі ағаш көшеттері де егіліп жатыр. Түркістанның кіреберіс төрт қапталынан 10 мың түп Павловния ағашы отырғызылса, Отырарға баратын жолдың бойы 46 мың жасыл желекпен көмкерілді.

Есенбек Мырзабеков, Түркістан қаласы тұрғын үй-коммуналдық шарушалық бөлімінің бас маманы:

- Түркістан шөлді, шөлейітті аймақ болғандықтан, соған барынша климатқа төзімді ағаш түрлерін таңдаймыз. Қарағаш, үйеңкі, шаған деген ағаштар.

Жазы ұзақ әрі климаты құрғақ Түркістанды суландыру үшін шаһар маңындағы 5 кіші канал тазартылып, іске қосылды. Сондай-ақ, қала көшелерінің 6 жерінен ұңғыма қазылып, жол бойларындағы ағаштарға су жіберілді. Шаһар көркін шырайландыру үшін биыл тұрғындар тыныстап, саяхатшылар серуендейтін 10 гүлзар салынады.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу