Биыл Рамазан айы 6 мамырда басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Рамазан айы 6 мамырда басталады

30.04.2019

Алматыдағы Астрофизика институтының зерттеу нәтижесін ескеріп Қазақстан мұсылмандар діни басқарамасы шариғи үкім шығарды. Әзірге көрші Өзбек және Қырғыз елдерінің де ұстанымы осындай. Ал, мың айдан да қайырлы Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға ауған түнге сәйкес келеді деп шешім қабылданған.

Рамазан айын асыға күтіп жүргендердің бірі - Қисап ақсақал. Ол 40 жылдан бері ауыз бекітіп келеді. «Ораза - жаңару мен жақсылықтың мерекесі», - дейді ол. Себебі бұл берекелі уақытта еселеп сауап жинауға мол мүмкіндік туады.

Қисап Әлібекұлы, зейнеткер:

- Бұл айдың жақсылығын айтсақ, айтып тауыса алмаймыз. Бұл айды асыға күтеміз. Дайындық етеміз.

Шариғат бойынша балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс барлық мұсылманға ауыз бекіту парыз деп бекітіліген. Рамазан - бұл таң атқаннан күн батқанға дейін тек тағамнан ғана бас тарту емес, көз бен құлақ, тән мен жанға рұқсат етілмеген жаман амалдарға бармау. Ал, ең бастысы - шынайы ниет етіп, құлшылық қылу.

Серікбай қажы Ораз, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

- «Ораза деген жақсы екен, асқазанға медициналық жағынан денсаулыққа пайдалы екен, бір ай ораза ұстасам, ішім тазарып қалады, шлактан тазарып қалдым» деген оймен Ораза ұстауға болмайды. Онда сауап жоқ сізге. Рамазан айында ниет пен кіршіксіз пейіл үйлесім тапқан кезде ғана адамның тәніне де пайдасы тиеді.

Рамазан - қайырымдылық айы. Діни басқарма барша қауымды осы қасиетті айда қайырымдылық шараларына белсенді қатысуға шақыруда. Жоқ-жітікке көмектесіп, қол үшін созу нағыз мұсылманға тән қасиет. Осы бағытта биыл бірнеше игі бастама қолға алынған.

Наурызбай қажы Тағанұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы:

- Айт күндері «Айттық бізден болсын» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады.

Пітір садақаның көлемі биыл жан басына 300 теңге көлемінде белгіленді. Ал Ораза айт мерекесінің алғашқы күні 5 маусымға сәйкес кеп тұр.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу