Заңсыз балық аулаумен айналысқан Көкпекті ауданының бірнеше тұрғыны табиғат қорғаушыларға қарсылық білдіріп, қайықтарын аударып жібермек болған. Бұл аймақта екі апта бұрын уылдырық шашу маусымы басталды. Сондықтан, құзырлы органдар өңірдегі өзен-көлдерді қадағалауды күшейтті.
Табиғат қорғаушылар таяуда Тассай ауылының бірнеше тұрғынын заңсыз балық аулап жүрген жерінде қолға түсірген. 10-ға шақты браконьер 2 инспекторға күш көрсетіп, олардың қайықтарын аударып жібермек болыпты. Қазір бұл факті бойынша сот алды тергеу жүріп жатыр.
Уылдырық шашу маусымы басталғанда облыстық полиция департаментінде жыл сайын арнайы топ жасақталады. Олар рейдке шығып, су қоймаларын күні-түні қадағалайды. Тіпті арнайы авиажасақ та құрылады.
Арман Болатов, облыстық Полиция департаменті табиғат қорғау полициясының бөлім басшысы:
- Бүгін Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көлін әуеден бақыладық. Рейдтің бірінші күнінде-ақ, браконьерлер бар екенін көрдік. Мысалы, бүгін заңсыз балық аулап жүрген 23 адамды ұстадық.
Жіңішке нейлон жіптерден тоқылған мұндай ауларды Қазақстанда пайдалануға тиым салынған. Себебі тордың бұл түрі суда қанша жатса да, шірімейді. Ұсталған балықшылар Қытай ауын қолдануды әлі де доғарар емес. Бұған жыл басынан бері браконьерлерге қарсы жүргізілген іс-шаралардың нәтижесі дәлел.
Талғат Рахымжанов, аумақтық Орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:
- Заңбұзушылық анықталды. 3 миллион теңгеден артық айыппұл салынды. 400-ден аса аулау құралдары тәркіленді.
Шығыс Қазақстанда 3,5 миллион гектар мемлекеттік орман алқабы мен 885 өзен бар. Осыншама аумақ жыл он екі ай әуе мен жерден бақыланады. Күз бен көктемде құзырлы орган қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесіне де көшіріледі.
Табиғат қорғаушылар браконьерлерге тосқауыл қою үшін квадрокоптерді де қолданады. Бұл шағын аппараттың пайдасы зор. Қамыстың арасына тығылған балықшыларды, олардың қайықтарын табуға өте ыңғайлы. Дронмен дәлелдік материал да жинау жеңіл. Сонымен қатар, экономикалық жағынан да тиімді.
Берік КӨШЕРБАЙ