Шымкентте трансформатор зауыты іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте трансформатор зауыты іске қосылды

29.04.2019

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған кәсіпорында 110-нан 500 киловольтқа дейінгі кернеуге шыдайтын электр-энергетикалық қондырғылар жинақталады. Еліміздің машина құрастыру саласында бұған дейін мұндай қуатты трансформатор шығарылмаған. Зауыт өзінің өндірістік қуаты мен өнімінің сапасы жөнінен Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын ретінде бағаланып отыр.

Конструкторлар қазірдің өзінде отандық трансформатордың алғашқы нұсқасын құрастырып үлгерді. Инженерлер мен технологтар өнімді сынақтан өткізіп жатыр. Олар трансформатор қаңқасының беріктігі, ішкі бөлшектерінің тоқтаусыз жұмыс істеуін тексеру үстінде.

Шадияр Әбдірақан, цех басшысы:

- Бұл жердегі ерекшелік - бүкіл қондырғы еуропалық стандарттарға сәйкес. Барлығы автоматтандырылған. Жұмысшыларға ешқандай күш салынбайды. Тек автоматпен жұмыс жасап, пультпен басқарады.

Алып трансформатордың алғашқы данасы өңірдегі Сарыағаш ауданына жөнелтіледі. Аймақтағы елді мекендерді жарықтандыру үшін пайдаланылмақ. Сондай-ақ, зауыттың бұл өніміне «Кегок» компаниясынан да тапсырыс түскен. Зауыт жұмысшылары енді соларды жинауға кіріспек.

Бақытжан Қажиев, «Кегок» компаниясының басқарма төрағасы:

- Қазір «Азия трафо» мен «Кегок» арасында келісімшартқа қол қойылды. 6 реактор 500 киловольттық сатып аламыз осы жерден. Қазір осы өндіріске кірісіп жатыр.

Трансформатор құрастыруға қажетті алюмин және мыстан жасалған сымдар да Шымкентте өндіріледі. Мұның өзі өнімнің өзіндік құнын 10 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Зауыт өнімі ел аумағынан бөлек Иран, Ауғанстан мен ТМД елдерінің нарығына шығарылады.

Еркебұлан Ілиясов, зауыттың жоба жетекшісі:

- Зауытта 550 адам жұмыс орнымен қамтылады. Шығарған өнімнің 50 пайызын өзге елдерге және 50 пайызымен ішкі нарықта жапсақ деген ойдамыз. Өнімге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанда сұраныс бар.

Зауытта жылына 120 дана трансформатор құрастырылады. Олар зауыттың бірегей патенттелген технологиясы бойынша әзірленеді. Кәсіпорын биылғы жылдың өзінде толық қуатымен іске кіріспек.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу