Алматыда жыл басынан бері 77 көлік ұрланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жыл басынан бері 77 көлік ұрланған

24.04.2019

Түн мезгілінде ұрлыққа шығатындарға тіпті, қаладағы қаптаған бейнебақылау камералары да тосқауыл бола алмай отыр. Мәселен, Алатау ауданындағы Атлеттер ауылынан бір түнде үш автокөлікті айдап әкеткен.

Алматылық Алмас Сейітқожа жаңадан сатып алған көлігін бір апта да айдап үлгермеген. Көпқабатты үйлердің ауласында тұрған темір тұлпарын түн мезгілінде бәзбіреулер мініп кеткен. Қарақшылардың ұрлығы бейнебақылау камерасына да түсіп қалыпты. Алайда, олар әлі күнге дейін ұсталмай отыр.

Алмас Сейітқожа, қала тұрғыны:

- Менің көлігімді ұрлап кетті. Артынша тағы 2 машина ұрланды. Үш машина бір күнде ұрланып тұр.

Ал, полицейлер ұрыларды ұстауға бар күшімізді жұмсап жатырмыз, дейді. Тәртіп сақшыларының сөзінше, кейінгі 4 айдың ішінде ұрланған 77 көліктің 72-сі табылған. Тек бес қылмыстық іске қатысты іздеу шаралары нәтижесіз. Бұдан бөлек, қазір қарақшылар аса қымбат автокөліктерді емес, халық көп мінетін ескі машиналарды ұрлайды.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

- Біз жылдың басынан бері үш қылмыстық топты құрықтап отырмыз. Құрамында кем дегенде 2-3 адам бар. Олар қаланың төңірегінде 22 автокөлікті қуып кеткен. Ол 22 көліктің барлығы қазір айғақ зат ретінде іске тіркеліп, қайтарылатын болады иелеріне.

Дәніккен ұрылардың тізгінінде "Мазда", "ВАЗ" сияқты автокөліктер жиі кетеді. Олардың жылы ескі болғанымен, бөлшектеріне қара базарда сұраныс көп. Осыған байланысты полицейлер жылдың басынан бері қаладағы автобөлшектерді саудалайтын орындарға 60-тан аса рейд жүргізген. Ал, заң бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Десек те, статистикалық мәліметке сенсек, ірі мегаполисте автокөлік ұрлау қылмысы былтырға қарағанда, 7 пайыз азайған. Себебі, бүгінде көлік иелері темір тұлпарларына GPS құрылғысын орнатқан. «Мұндай жағдайда көлікті қай жерден болса да табу оңай», - дейді мамандар. Сондықтан полицейлер ұрлықтың алдын алу үшін машиналарға дабыл құрылғысын орнатып, қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін айтты.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу