Көпбалалы отбасылар үшін бөлек үй кезегі жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбалалы отбасылар үшін бөлек үй кезегі жасалады

24.04.2019

Тұрғын үй кезегінде тұрған 32 мыңға жуық көпбалалы отбасы үшін бөлек кезек жасалады. Осылайша олар биылдан бастап шаршы метрі 115 теңге болатын жалдамалы баспанаға ие бола алады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бір топ депутаттың бастамасымен дайындалған жаңа заң жобасы талқыланды. Құжатты таныстырған депутат Шавхат Өтемісовтың сөзінше, бұл заң аз қамтылған азаматтардың баспана мәселесін шешуге үлкен көмек болады.

Бағдарлама бойынша үйлер сатып алу құқығынсыз беріледі. Яғни, ешқашан жеке меншікке өтпейді, бірақ, балаларыңыз қанша жасқа толса да, өзіңіз баспана алғанша тұра беруге рұқсат беріледі. Осы мақсатқа «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 млрд теңге қаражат бөлінетін болды. Нәтижесінде жылына кем дегенде 6 мың пәтер тапсырылады. Заң жобасы бірауыздан мақұлданып, Сенатқа жіберілді.

Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бірінші кезекте үй алатын адамдардың қатарына көпбалалы аналар кіргізіледі. Олар - «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. 

Сондай-ақ, жалпы отырыста Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне түзетулер енгізу туралы заң мақұлданды. Оған сәйкес елімізде айыппұл мөлшерін азайту қарастырылып отыр. Реттеуші органдардың ұстанымына сәйкес, әкiмшiлiк құқықбұзушылықтардың кейбір құрамдарын азаматтық немесе тәртiптiк iс жүргiзу арқылы қарауға болады. Заң жобасымен әкiмшiлiк құқықбұзушылықтардың 32 құрамын алып тастау ұсынылған. Ал, 44 құрамы бойынша айыппұл мөлшерін азайту, 10 құрам бойынша әсіре қатаңдықты төмендету, 6 құрам бойынша ескерту енгізу ұсынылады.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу