Мұнда резеңке қиындысынан құрылысқа қажетті заттар дайындалады. Бір ай ішінде жұмысшылар 10 тонна өнім дайындап қойды. Бірақ тапсырыс жоқ. Кембағал жандар өнімді өткізе алмасақ, жалақысыз қаламыз ба деп алаңдайды.
Бір ай бұрын ғана іске қосылған кәсіпорында жұмыс қызу. Жұмысшылар зор ынтамен әр дөңгелекті бөлшектеп, шикізат әзірлеуде. Арасында бір-біріне қол ұшын беріп, демейді. Өйткені бірі аяғынан, бірі қолынан айырылған.
Мұрат Оңғарбаевтың жұмысқа кіріскеніне 2 апта болды. Ол өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандармен бірге күніне 40 шаршы метр өнім шығарады. Ол осыдан 12 жыл бұрын мұнай саласында өндірістік жарақат алып, бір қолынан айырылған. Жігерлі жігіт көп мойымады. Спортты серік етіп, жетістікке жетті. Бүгінде отырып ойнау және жағажай волейболының спорт шебері.
Мұрат Оңғарбаев, жұмысшы:
- Міндетім - дөңгелектерді кесеп, бөлшектеу. Осындай жұмыс ашылып, Бисенов Бекнұр бізге жұмыс беріп жатыр, өте қуаныштымын.
Шағын кәсіпорында 6 адам жұмыс істейді. Бәрі де «Алға» мүгедектер спорт клубының мүшелері. Клуб жетекшісі Бекнұр Бисенов мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту үшін кәсіпорынды әдейі іске қосты.
Бекнұр Бисенов, кәсіпкер:
- Қазіргі сәтте тапсырыс жоқ. қҚаладағы балалар ойнау алаңдарына тапсырыс алғымыз келеді. Қолдауды қажет етеміз, әрине, барлығы мүмкіндігі шектеулі жандар.
Жақын күндері жұмысшалардың алғашқы жалақысын төлеуі керек. Кейін еңбек ақының 35 пайызы Үкімет есебінен төленеді. Мүгедек жандардың еңбекақысын ай сайын уақытылы беріп тұру үшін кәсіпорынға жергілікті биліктің қолдауы қажет ақ.
Аягөз Оралбайқызы