Аралда ғылыми-туристік орталық құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аралда ғылыми-туристік орталық құрылады

24.04.2019

«Қызыл кітапқа» енген жануарларға арналған питомник салынады. Халықаралық Аралды құтқару қоры өңірде жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Жалпы, осы уақытқа дейін экологиялық аймақта Біріккен Ұлттар Ұйымы арқылы 18 жоба жүзеге асырылып, оған 300 мың АҚШ доллары жұмсалды.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Аралда туристерге теңізден басқа да қызық көп. Мысалы, Қамбаш көлі, суы өте мөлдір, өздеріңіз көріп тұрсыздар. Сондықтан жергілікті халық Қамбашты «Інжу-маржанымыз» деп бағалайды. Судың емдік қасиеті де бар. Сондықтан көлге жыл сайын үздіксіз туристер келеді.

Су айдынының жағалауы жылдан-жылға жанданып келеді. Көлдің шипалы суына шомылуға келгендер үшін жан-жақты жағдай жасалған. Аралға, Байқоңырға келген қонақтар мұнда соқпай кетпейді. Енді дәл осы жерге ғылыми орталық салынады.

Зәуреш Әлімбетова, Барсакелмес мемлекеттік қорығының директоры:

- Бұл арнайы жер болады да, ғылыми, тек қана демалуға емес. Арал өңіріне көптеген инвестиция әкелетін, донорлар тарта алатын ғылыми жұмыстарды бірге өткізетін орталық болуы мүмкін.

Қамбаш көлінің жағасына 4 мыңнан астам ағаш егілді. Бұл көшеттер болашақта жасыл белдеуге айналады. Шөлейтті аумақта табиғатты сақтау өте қиын. Теңіз тартылған соң Арал аумағындағы Барсакелмес қорығының да құндылықтары азайып барады. «Сондықтан қорды қайта зерттеу қажет», - дейді мамандар. Қазір мұнда өсімдіктің - 29, аңның 56 түрі бар.

Болат Бекнияз, Халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясының директоры:

- Мұнда киік қана емес, бұрын бұл жерде қабылан да болған. Сол қабыланды қайтадан әкелсек деген ой бар. Менің ойымша, құлан, жайран, киіктің питомнигі болса, ертең көбейген кезде әрі қарай жіберіп отырамыз.

Барсакелмес – ашық аспан астындағы зертхана. Сондықтан теңізге, осы қорыққа келетін ғалымдар өте көп. Қамбаш көлінің жағасында бой көтеретін ғылыми орталық әлем ғалымдарының басын қосатын, экологиялық мәселелер талқыланатын тәжірибе алаңына айналады. Ал, көлдің айналасында 450 гектар жерге экотуризм қалашығы салынады.

Ақерке Берікбекқызы

Хабарламаларға жазылу