ШҚО-ның Белоусовка кентінен шыққан кәріз суы өзенге құйылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-ның Белоусовка кентінен шыққан кәріз суы өзенге құйылып жатыр

23.04.2019

Глубокое ауданындағы ірі елді мекен тұрғындары мұны экологиялық апатқа теңеп отыр. Олар осы коммуналдық проблема жайлы талай жерге жазып, айтыпты. Алайда, ешқандай өзгеріс жоқ.

Белоусовка кентіндегі кәріз жүйелерінің жағдайын жас та, жасамыс та біледі. Орталықтағы мектеп оқушылары үнемі үрей құшағында отырады. Өйткені олар коммуналдық мәселенің зардабын талайдан тартып келеді.

Ернұр Төлегенов 10-сынып оқушысы:

- Кәріз құдығы бітеліп қалады. Соның кесірінен су біздің мектеп жаққа ағады. Жағымсыз иіс пайда болады.

Қазір көпқабатты үйлерден шыққан кәріз суы мына арыққа құйылып жатыр. Құбырдың бойындағы құдықтар бітеліп, арам су жолға жайыла берген соң осылай бұрып жіберген. Бұлақтан шыққан жағымсыз иіс қолқаны қабады.

Берік Көшербай, тілші

- Арықтағы арам су ауылды айнала ағып, міне осы тұста Глубочанка өзеніне қосылады. Ал, оның суын мамандар Шығыс Қазақстан бойынша ең лас деп таныған. Бұның бір себебі міне осы кенттен басталады деп айтуға болады. Глубочанка өзені өз кезегінде, ағып барып, Ертіске құйылады.

Кент тұрғындарының айтуынша, кәріз суының өзенге ағып жатқанына 3-4 жыл болды. Олар бұл туралы құзырлы органдарға жазған, бірақ нәтиже жоқ.

Қаратай Елеусизов, Белоусовка кентінің тұрғыны:

- Прокуратураға, аудандық әкімдікке жаздық, айттық. Бәрі біледі, ешкім түк істемейді. Арам суды бұра салды, бұның бәрі Ертіске барады. 

Экологиялық апатқа емес, ауданға тілшілердің келгеніне алаңдаған атқарушы билік тұрғындармен ашық сөйлесіп, мәселенің мән-жайын айтпады. Кент әкімі көліктен шықпай қойды, ал бөлім басшылары телефонды құшақтаған күйі айналшақтап қашып жүрді.

Әкімдік қызметкерлері кәріз жүйелеріне осы кенттегі тау-кен кәсіпорыны қызмет көрсететінін алға тартты. Ал, олардың өз уәжі бар.

Ермек Дюзкенов, Kaz Minerals тобының ШҚО бойынша өкілі:

- Белоусовка кентіндегі кәріздік жүйелердің иесі жоқ. Аудандық әкімдік немесе ТҮКШ осы жүйелердің иесін табу керек немесе өздерінің балансына алу керек. Күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға біздің құқығымыз жоқ. Оған қаражат та көзделмеген, өйткені біздің баланстағы жүйелер емес.

Аудандық әкімдік пен тау-кен кәсіпорыны проблеманы осылай бір-біріне сілтейді. Ал, халық коммуналдық мәселенің тезірек шешілгенін талап етеді.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу