Қалаға тіршілік нәрі Кеңгір су қоймасынан сүзіліп беріледі. Өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында мысты шаһардың іргесіндегі бұрынғы жерасты су көзінен тартылған құбырды жаңарту басталған еді. Алайда қаражаттың тапшылығынан аяқсыз қалды. Әбден тозығы жеткен құбырлар қатты қысымға шыдамайды. Сондықтан жерасты суын қоймаға аздап қана қосуға шама келеді. Ал, қоймаға жиналған суды тазартумен айналысатын гидроцех ескі технологиямен жұмыс істейді.
Қала тұрғыны Сәуле Тұрғынбектің отбасы краннан аққан суды мүлдем ішпейді. Дәмі кермек татитындықтан, тек шаруашылыққа ғана пайдаланады. Ал, ауызсуды дүкеннен сатып алады.
Сәуле Тұрғынбек, қала тұрғыны:
- Кранның суы нашар. Ыдыстың барлығы тоттанып кететіні содан ғой. Біз 5 литрлік суды алып тұрамыз. Анау кранның суы кір жууға ғана жарайды. Ақшамыз жоқ болса, амалсыз краннан ішеміз.
Бірнеше жыл бұрын кешенді жоспар аясында қала сыртындағы Үйтас, Айдос, Қожамсейіт жерасты су көздерінен тартылған ескі құбырды жаңалау басталған еді. Себебі әбден тозығы жеткен құбырлар қатты қысымға шыдамайды. Жерасты суы Кеңгір қоймасына тіршілік нәрінің сапасын жақсарту үшін құйылады. Алайда қаражаттың тапшылығынан 50 шақырым құбырдың тек 17 шақырымы ғана ауыстырылды. Бұл жобаны жергілікті ірі компания өз мойынына алып отыр.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Жезқазған қаласының 91 мың тұрғыны жылына 27 миллион текше метр ауызсу тұтынады. Соның 60 пайызы осы ашық жатқан Кеңгір су қоймасынан беріледі. Ал, мұнда су көктем мезгілінде жылғамен жиналады. Соңғы жылдары қалада тіршілік нәрінің сапасын жақсартуға қатысты мәселе өткір тұр.
Кеңгірдің суы гидроцехта тазартылады. Алайда су шаруашылығы мекемесінің әбден тозығы жеткен. «Дегенмен цехтан таза су жібереміз», -дейді мамандар.
Ақсәуле Құрманбаева, гидроцех зертханасының меңгерушісі:
- Технология ескірген. Енді 1965 жылдан бастап осы тұндырмалар, сүзгіштер жұмыс істеп келе жатыр. Цехтан шыққанда су нормасында болады, ал енді ары қарай құбырларға да байланысты шығар.
Алдағы үш жылға гидроцех аумағындағы жүйелерді жаңарту үшін 4 миллиард теңге қарастырылған. Ал, су тазарту қондырғыларын жаңартып, мембрандық технологияға көшіру жобасы қаражаттың жоқтығынан жүзеге аспай қалды. Енді қайта жобалық-сметалық құжаты дайындалуда.
Нұржан Орынбаев, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:
- Су тазалау технологиясын жасау үшін, қондырғыларды жөндеу үшін, резервуарлар салу үшін оған тағы 12 миллиардтай қаражат керек болады. Оған жобалық-сметалық құжат дайын болғаннан кейін өтінімді ұсынатын боламыз.
Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен орындалып 2025 жылы аяқталмақ. «Миллиардтаған қаражаттың мұрты бұзылмай уақытында бөлінсе, мейір қанып таза су ішер күн де туар», -дейді жезқазғандықтар.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ