Биыл бұл көрсеткіш еселеп көбеймек. Себебі өңірде Zhetysu travel жобасы аясында бірқатар бастамалар қолға алынған. Бұл туралы Халықаралық KITF көрмесі аясында өткен Джип-турда Алматы облыстық туризм және ақпараттық қызмет көрсету орталығының мамандары айтты. Олардың сөзінше, табиғаты көркем бұл аймаққа саяхаттағысы келетін адам көп. Алайда, бұған инфрақұрылымның жоқтығы кедергі. Жалпы, Алатаудың бөктеріндегі табиғатқа жұрт не үшін қызығады? Тілші Нұрлан Асқарұлы әңгімелейді.
Алматыдан Шарын шатқалына бет алған көлік керуеніне жол талғамайтын автокөліктер таңдалған. Себебі шара жетуі қиын таулы аймақтың тұмса табиғатын туристік компания мен саяхатшыларға таныстыруға арналған.
Нұрлан Асқарұлы, тілші:
- Міне, бұл жер - Шарын шатқалының «Арман қақпасы» деп аталады. Өйткені дәл осы жерде тілеген тілек пен армандар орындалады деген ежелден қалыптасқан сенім бар. Сондықтан әлемнің әрқиырынан келген туристер дәл осы жерде өздерінің арман, тілектерін айтып, табиғатпен тілдеседі.
Шарын шатқалының тұңғиығына сүңгіген көпшілік бірін-бірі қайталамайтын кескіндерге көз тойдырды. Шатқалда бейнеленген алып мүсіндер адам қолымен қашалғандай әсер береді. Бұл ғажайыпты көруге мұхиттың арғы бетінен келген туристердің де қарасы қалың.
Кевин Гройс, турист:
- Мен Австралиядан келген туриспін. Маған Шарын ерекше әсер етті. Бүгін табиғатқа етене жақындай түсіп, «Арман қақпасында» арманымды айттым. Бұл жерді де көру - арманым еді. Енді Қазақстанның басқа да көрікті мекендерін араласам деймін.
Алмас Маратұлы, туристік компанияның директоры:
- Алматы облысындағы көптеген туристік орындардың инфрақұрылымдары жөнге келіп жатыр. Бұл біз сияқты компанияларға өте тиімді.
Жетісудің тағы бір кереметі - әлемде сирек кездесетін Ерен тоғайы. Мұндағы ерен ағаштары - 5 млн жылдан бері тұқымын сақтаған бірегей өсімдік.
Максим Акрамов, «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы:
- Ерен ағашы Канадада және осы еліміздегі Ерен тоғайында өседі.
Жалпы, өткен жылы Алматы облысына 1 млн 900 мың туристің табаны тиген. Ал, тек Шарын шатқалына 62 мемлекеттен 13 мыңнан аса турист келген. Оның 7 мыңнан астамы - шетелдік. Сондықтан өңірдегі туристік компаниялар ішкі туризмді дамытуға басымдық бермек.
Нұрлан Асқарұлы