Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы халықаралық ынтымақтастықтың тиімді құрылына айналып келеді. Оның аясында қазақ-қытай қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Мәселен, соңғы 4 жылда екі ел арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша 13 келісімшарт жасалған.
Фариза Мұсақызы, тілші:
- Біз қазір Қытайдың Ухань қаласындағы ең үлкен логистикалық компанияның біріне келдік. Бұл компания былтыр әлемнің біраз еліне 423 вагон пойызбен тауар жеткізген және тасымалдаған екен. Соның ішінде Қазақстанмен де байланыс бар. Міне, мәселен, Сарыбұлақ майы. Шикізат Қазақстанда дайындалған. Біздің елмен Ухань қаласы ауыл шаруашылығы тауарларын тасымалдау келісімшартын жасасқан.
Бұл орталыққа барудағы басты мақсат - шетелдерден бізге жететін тауарлардың қалай тасымалданатынын өз көзімізбен көру. Мұнда бүкіл жүйе автоматтандырылған. Жүк машиналарының қай жерден өтіп бара жатқанын онлайн режимде бақылап отыруға болады.
У Гуанмин, «Ухань Ханькоу» халықаралық логистикалық компаниясының бас директоры:
- Достық – Алашанькоу арқылы көбіне техника, тұрмыстық заттар жеткізіп отырамыз. Қытайдан болат та тасымалдаймыз. Бірақ кеден бекетінде кішігірім кедергілерге кезігеміз. Бұған қоса, Қазақстанның теміржол рельстері біздің пойыздарға үйлесе бермейді. Ауыр салмақты көтере алмайды. Дегенмен, ол сауда-саттық көлемінің артуына кедергі емес.
Былтыр Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша 6363 пойыз өтсе, оның 56 пайызы Қазақстан арқылы жүрді. Нәтижесінде елімізден 14 миллион тоннаға жуық жүк тасымалданды. Бастапқыда Қытайдан Еуропаға жүрген пойыздардың көбі бос қайтатын болса, бүгінде олардың 70 пайызы жүкпен оралып жатыр.
Қытай үшін Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарлары қажет. Негізгі басымдық осы салаға беріліп отыр. Оның арқасында былтыр еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша экспорт әлеуеті 3 миллиард доллардан асты.
Шахрат Нұрышев, ҚХР Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі:
- Былтыр Қазақстанның статистикасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарларының сатылымы, жалпы екі жақтың тауар айналымы 426 миллион долларды құрайды. Оның ішінде негізгісі – Қазақстанның бидайы. Былтыр 562 мың тонна бидай жіберілді. Қазақстанның бидайы сұранысқа ие. Өйткені жоғары сапалы, жоғары сұрыпты. Қазақстанның ұны, майы, балы Қытайда жақсы сұранысқа ие.
Бүгінде Қазақстан Қытайдың Ресейден кейінгі екінші экономикалық серіктесіне айналды. Ал, біздің көрсеткеніміз -«Бір белдеу, бір жол» аясында елімізге ашылған жаңа мүмкіндіктердің бір үлгісі ғана. Бастаманың өміршеңдігі қос мемлекетке әлі талай пайда әкелері сөзсіз.
Фариза Мұсақызы