Кәсіпорынның өндірісі кеңейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпорынның өндірісі кеңейді

28.06.2014
Кәсіпорынның өндірісі кеңейді
2010 жылы Атырауда бой көтерген шприц шығаратын зауыттың бүгінде даму қарқыны жоғары. Бастапқыда халықаралық стандарттарға толық жауап беретін зауыт өнімі облыс аумағында кеңінен қолданысқа енсе, кейін еліміздің өзге өңірлеріне тарай бастады.
 
Енді өнімдерді шетелге экспорттау үшін де мүмкіндік қарастырылуда. Жалпы,зауыттың өндірістік қуаты сағатына 60 мың дана. Егер тапсырыс болып жатса жылына 250 миллион шприц өндіруге қауқарлы. Жоба құны 6 миллион АҚШ долларына бағаланған. Айта кетерлігі, өндіріс орны толықтай отандық инвесторлардың қаржысына салынды. 
 
Өндіріс орнында шприцтің 5 түрі шығарылады. Жылына олардың 120 млн-нан аса данасына тапсырыс беріледі. Кәсіпорынның өніміне сұраныстың артқаны соншалық, жұмысшылар үш ауысыммен жұмыс істейді.
 
Бұдан бөлек, зауыт басшылығы  медициналық қолғаптар мен системалар шығаруды да қолға алған. Олар мұнымен шектелмей, келер жылы тағы бір жаңа өнім түрін өндіруді көздеп отыр.
 
Алмас Қуанышев, зауыт директоры:
2015 жылдан бастап әлемдік стандартқа сай болу үшін жаңадан шприц шығарып жатырмыз. «Ноу-хау» деп атайды. Ол ешуақытта екі мәрте пайдаланылмайды. Екінші рет пайдаланатын жағдайда, ол өзінен-өзі морт сынып кетеді.
 
Бастапқыда зауытқа 30 ғана адам жұмысқа алынса, қазір олардың қатары 170-ке жетті. Барлығы да жергілікті мамандар. Олар кәсіпорындағы заманауи құрылғыларды пайдалануды жетік меңгерген. Себебі, жас мамандар легі шетелде бірнеше ай шеберліктерін шыңдап, тәжірибе алмасып қайтты. 
 
Мұхтар Махметов, зауыт инженері:
Оңтүстік Кореядан осы шприц шығару жөнінде, осы аппараттардың құрылысын жөндеу, өнімді шығару жөнінде екі айлық курстан өттік. Бұл оңтүстік Кореяның аппараттары жинау, шығару жағынан алдыңғы қатарда деуге болады.
 
Зауыт басшылығы ішкі нарықпен қатар, шетелден келетін сұранысты толық қанағаттандыратынына сенімді. Сондықтан, қазір олар Ресей мен Беларусь Республикасының нарығына шығуды қарастыруда. Бұл ретте, олар Кедендік одақтың осы елдерде бизнестерін өркендетуге демеу боларына сенімді.
 
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу