Таразда тұрғызылып жатқан тұрғын үйлер талапқа сай емес. 15-ші шағын аудандағы 80 пәтерлі 9 үйдің ішкі пандустары жоқ. Ал, бөлмеаралық қабырғалары жұқа қаңылтыр қалбырлармен қаланған. Бүгін Жамбыл өңіріне жеткен «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының партиялық бақылау қызметі осындай олқылықтарды сынға алды.
Олар «Құтты мекен» жобасы бойынша баспана салуға бөлінген қаржы қалай жұмсалып жатқанын сұрады. Шаһар шетіндегі 9 үйді тұрғызуға 5 жарым млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ал, мердігер компания келтірілген сындарды конкурс талаптарында көрсетілмегендіктен қоспадық дейді.
Бұл баспаналар осы тамыз айында тапсырылмақ. Бақылаушы топ Қойгелді көшесіндегі жер асты жылу құбырының құрылысымен де танысты. Мұнда құны 9 млрд теңгеден асатын құбыр жаңарту жұмыстары ескі әдіспен жүргізіліп жатыр. Партиялықтар болашақта заманауи әдістерді енгізуді ұсынды.
Нұрлан Баймұрзаев, «Nur Otan» партиясы партиялық бақылау қызметінің инспекторы, «Qutty meken» партиялық жобасының жетекшісі:
Балкондары ертең есігіне дейін ашылмауы мүмкін. Жарлары өте жіңішке. Штукатуркалары жоқ. Мүгедектер көтерілетін болса, баспалдақтарында пандус жоқ. Сыртында пандусы болса, ішінде жоқ. Мердігер айтып жатыр «жоба қабылданды, біз енді ештеңе өзгере алмаймыз» деп. Біздің ойымызша ол құжат, құжатты өзгертуге болады, үйді де дұрыстап салуға болады.
Оңғар АЛПЫСБАЙ