Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ІІ форумы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ІІ форумы өтеді

18.04.2019

Осы айдың соңында Қытай астанасы Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» бастамасының екінші форумы өтеді. Биылғы кездесу ауқымды. Оған әлем елдерінің 40 президенті, үкімет басшылары келмек. Қатысушы мемлекеттердің саны 140-тан асады деп жоспарланған. «Бір белдеу, бір жол» XXI ғасырдағы ең ірі жобалардың біріне айналғаны рас. Өйткені бұл бастама әлем халықтарының төрттен үшін байланыстыра білді. 

Фариза Мұсақызы, тілші:

- Біз қазір елдің оңтүстігіндегі Аньхой провинциясының Хэфэй қаласындамыз. Міне, бұл теміржол торабы арқылы Қытайдан бүкіл әлемге тауарлар жеткізіледі. Соның ішінде Орталық Азияға жыл басынан бері 100-ден астам рейспен тауар жөнелтілген екен. Ал, Қазақстанға, соның ішінде Алматыға бұл жерден заттар 10-12 күнде жеткізіліп отырады.

Құрғақ порт. Тауар тасымалы үшін маңызды бекеттердің бірі. Мына контейнерлер арқылы әлем елдеріне түрлі тауар тасымалданады. Экспорт пен импорттық заттар арнайы температурада сақталуы үшін жағдай жасалған.

Мәселен, Қытай-Еуропа бағытындағы пойыздардың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Еліміз үшін бұл тиімді. Транзитпен өткен пойыздардан мемлекетіміздің бюджетіне 3 миллиард доллар қаражат түскен.

Цын Цын Фин, Шанхай теміржол бағытының Хэфэй қаласы бойынша жүк тасымалы желісі маркетинг бөлімінің директоры:

- Қазақстан мен Қытайдың арасында екі теміржол бекеті бар. Ол жердегі инфрақұрылым осы жүктерді тасымалдауға барлық жағдай туғызып отыр.

Былтырдың өзінде осы екі бекеттер арқылы 14 миллион тоннаға жуық жүк тасымалданған. Бұған қоса, Қазақстан мен Қытай «Бір жол, бір белдеу» және «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында жалпы құны 27 миллиард доллар болатын 55 индустриалдық және инвестициялық жобаны іске асыру бойынша келісімшарт жасасқан.

«Бір белдеу, бір жолдың» басталғанына 6 жылға жуық уақыт болды. Ең бастысы, оның арқасында Қазақстанның экспорт әлеуеті артты.

Шахрат Нұрышев, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

- Бастапқыда Қытайдан Еуропаға жүрген пойыздардың көбі кейін қайтқан кезде бос болатын болса, қазіргі кезде олар шамамен 70 пайыздан астамы жүкпен қайтып келе жатыр. Өйткені Қазақстан Еуропадағы тауар өндірушілермен бірге Франциядан шарап, Германиядан автокөліктер, сондай жүктерді Қытайдан пойызбен тасымалдау мәселесін келіскен. Сондықтан бұл пойздардың әрі-бері жүруі екі жаққа да пайдалы.

«Бір белдеу, бір жол» Қытайдың бастамасы болғанымен, оның пайдасы мен мүмкіндіктері күллі әлемге тиесілі. Жоба аз уақыттың ішінде осыны дәлелдеді.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу