Отандық мектеп формасына сұраныс аз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық мектеп формасына сұраныс аз

18.04.2019

Қазақстандағы мектеп формаларының 7 пайызын ғана отандық өнеркәсіптер тігеді. Қалғаны - шетелдік компаниялардың еншісінде. Ал, оқушыларға қажетті киімдердің 100 пайызын өзімізде тігуге мүмкіндік мол. Бірақ тапсырыс берушілер тарапынан сұраныс аз. Бүгін елордада арнайы көрме ұйымдастырылып, киім үлгілерінің түр-түрі ұсынылды. Импорт тауарларын отандық жеңіл өнеркәсіп қаншалықты ығыстыра алатынын Асима Нұрбайқызы көріп қайтты.

Республикада шамамен 3 млн оқушы бар. Олардың 90 пайыздан астамы Ресей мен Түркияның, Қырғызстан мен Қытайдың киімін киіп жүр. Елордалық Марал да балаларына киімді сапасына емес, алдымен бағасына қарап алады. Өйткені нарықтағы ұсыныс арзан емес. Ал, отандық өнімнің бар екенін енді біліп жатыр. Жарнама жоқ екенін айтады.

Марал, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Баламды мектепке дайындау үшін базардан киім аламыз. Брендке айналған киімдерді алуға қалтамыз көтермейді. Ал, қазақстандық өнімдерді енді біліп жатырмын.

Алайда, сырттан келетін сол тауарлардың көбісі сертификатталмайды. Демек, оқушы денсаулығына қауіпті болуы мүмкін. Сол себептен осындай көрмелер арқылы қазақстандық киімдерді кеңірек насихаттап жатыр. "Отандық өнімнің сапасы жоғары, бағасы қонымды",- деп отыр.

Бауыржан Төлеген, компания менеджері:

- Талаптарда көрсетілген: ер балалардың шалбары кең болу керек және балағы тобығынан түсіп тұру керек деген. Сондай талаптарға сүйеніп тігеміз. Біз тігетін киім формасы қолжетімді бағада. Сапасы да жақсы. 

Бірақ отандық өнімдер импорттың тауарын нарықтан ысыра алмай отыр. Елдегі мектеп формаларының 93 пайызы - шетелдікі. Қазақстанның үлесі – 7 пайыздан асар емес. Қазіргі таңда оқушы формасын тігетін өзіміздің өнеркәсіптердің саны 300-ден асады. Олар кез келген үлгіде тігіп беруге дайын.

Әсем Жұматаева, ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындар қауымдастығының өкілі:

- Көбісі отандық өнімнің сапасына күмәнмен қарайды. Ал, шын мәнісінде көп елдердің өнімінен алдамыз. Бағасы да қалтаны қақпайды. Бір оқушының киім формасы 8 мыңнан 40 мың аралығында. Оның үстіне біздегі тауар өндірушілер киімге кепілдік береді. 

Жыл сайын мектеп формасына елімізде орта есеппен 35 млрд теңге жұмсалады екен. Демек, қыруар қаржы сыртқа кетіп жатыр. Ал оның өзіміздің экономикаға құйылуы үшін сатушы мен алушының арасын жалғайтын бірқатар ауқымды істер қолға алынуы керек.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу