Қостанайдағы мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер ақысын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайдағы мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер ақысын ала алмай жүр

16.04.2019

Қостанай облысында мектептің тесілген төбесін жөндеген мердігер ақысын ала алмай жүр. Бастапқыда жұмыс ауқымы 6 млн 899 мың теңге болып белгіленіпті. Мердігер оның құнын екі есеге дейін түсіріп, тендерді ұтып алған. Соңында тапсырыс беруші іс жүзінде атқарылған жұмыстың ауқымын 2 млн 100 мың теңге деп бағалаған.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Тапсырыс беруші мен мердігердің арасында дау тудырған мектептің төбесі - осы. Жалпы аумағы 1500 шаршы метр. Соның 780 шаршы метрі жөнделуі тиіс болатын. Мердігер бұл жұмысты толық орындағанын айтады. Ал ,тапсырыс беруші онымен келіспейді.

Бұл - Қамысты ауданының Дружба ауылындағы негізгі мектеп. Салынғанына 40 жылдан асқан. Техникалық жағдайы жақсы. Жөндеуден кейін төбеден сорғалаған су да тоқтады. Бірақ осы жұмысты атқарған мердігер былтырдан бері бір тиын да алмапты.

Сайран Әбіш, мердігер:

- Мен 3 млн 840 мың теңгеге қол қойдым. Бұл - нақты сома. Қол қойылғасын солай төленуі керек. Олар 1 млн 840 мың теңгесін қықсартып тастап отыр. Береміз деген ақшалары менің шығынымды да өтемейді.

Яғни, мердігер басында келісілген соманы бермегесін тапсырыс беруші ұсынған 2 млн теңгені алудан бас тартқан. Ал, екінші тарап нақты атқарылған жұмыстың ауқымы келісімшартта көрсетілгеннен әлдеқайда төмен екенін айтады. Сондықтан ақша әуелгі келісім бойынша емес, іс жүзінде шыққан шығынға сәйкес төленеді.

Николай Дущенко, Қамысты аудандық Білім бөлімінің құрылыс технигі:

- Олар 780 шаршы метр бөлігінің бетіндегі қара қағазын сыпырып, құйма бетонын бұзып, сосын қайта қалпына келтіруі тиіс еді. Ал, іс жүзінде тек 36 шаршы метр бетонды бұзып, қайта құйған. 773 шаршы метр аумақтың ғана қара қағазын ауыстырған.

Мердігер құйма бетонды Білім бөлімінен келген қадағалушының өзі толық бұздырмағанын айтады. Яғни, бүтініне тигізбей, жарылып, бүлінген жерлерін ғана ауыстыртқан.

Сайран Әбіш, мердігер: 

- Сен сол жерде жүрсің, неге құжат толтырмадың, қосымша келісімшарт жасамадың, акт толтырып, ескерту жасамадың? Жоқ, ол жақсы болды дейді. Ендеше жақсы болса, маған қояр талабы қандай?

Мердігер алудан бас тартқан 2 млн теңге игерілмеген қаржы ретінде былтыр бюджетке қайтарылыпты. Білім бөлімі оны сот арқылы қайта өндіріп беруге қарсы емес. Алайда мердігер бұған келіспейді. Заң талаптарына сәйкес бастапқы шартта көрсетілген сома толық төленуі тиіс деп есептейді.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу