Вандалдарға тоқтау болмай тұр. Ақтөбеде белгісіз біреулер Бауырластар зиратының қоршауын бұзып, тонап кеткен. Қаланың қақ ортасында орналасқан қорымның қирап жатқанын көргендер, ұрылар темір қоршауларды қасақана қолды қылған дейді. Қараусыз қалған бауырластар зираты енді қоқыс төгетін алаңға айналған. Жақсыбек Кемалдың сюжетін көрейік.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл жерге соғыс уақытында жараланып, Ақтөбедегі госпитальда қаза тапқан 300 жауынгер жерленген. Нысан мемлекет қорғауында.Солай бола тұра қаскөйлер шойын қоршауларды сындырып, түгін қалдырмай алып кеткен.
Аумағы ат шаптырым бұл қорым әлдеқашан қаланың ортасында қалған. Айналасына жер үйлер салынып, тұрғындар бейіттермен қоңсылас тұрып жатыр. Аманғазы Шабақовтың та бұл жерге көшіп келгеніне 35 жыл болыпты. Ол қорымның соңғы жылдары қаңғыбастардың мекеніне айналғанын айтады. Алайда, темір қоршауды алғандар басқа,дайындалып келген кәнігі ұрылар дейді.
Аманғазы Шабақов, қала тұрғыны:
Құдайдан қорықпайды бұл адамдар. Ойлаймын, 1-2 адамның қолынан келетін зат емес бұл. Ұйымдасып алып кеткен.Металл тапсыратын жерге апарып тапсырады. Сол жердегілерде мұндай затты қабылдамауы керек қой деп ойлаймын.
Зираттардың айналасы қоршалғанмен, есігі жоқ. Сондықтан ішіне балалар кіріп ойнайды. Ең сорақысы, ұяттан безгендер- бұл жерді қоқыс төгетін орынға айналдырған. Қорымды сенімгерлік басқаруға алған мекеме өкілдері тазалық жұмыстарын күз бен көктемде өткізетіндерін айтады. Жауынгерлер зиратының қирағанын олар кезекті тексеріс барысында көрген.
Сәбит Дүйсенов, жерлеу рәсімдері орталығының директоры:
Зираттар бойынша қоқыстарын тазарту және қоршауларын енгізумен айналысып келеді. Күзетші отырмайды, яғни, олар жүріп тексеру жүргізеді. Қоршаулары темір, ұрланған.Сол деректер бойынша анықтамалар шешімдерін күтетін боламыз.
Облыстық полиция департаментінің өкілдері зираттың темір қоршауының ұрлануына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Металл қабылдау орындары тексеріліп жатыр. Әзірге күдіктілер ұсталмаған.
Жақсыбек КЕМАЛ