Қарағанды облысындағы Қасым Аманжолов ауылына барар жол ойдым-ойдым - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысындағы Қасым Аманжолов ауылына барар жол ойдым-ойдым

15.04.2019

Жол азабына қатысты тағы бір ақпарат. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қасым Аманжолов атындағы ауылға барар жол ойдым-ойдым болып кеткен. Осыдан оншақты жыл бұрын ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жамап-жасқалған күрежол тұрғындарды әбден титықтатқан. Жұрт базынасын айтып жергілікті биліктен де көмек сұраған. Бірақ, әзірге еш нәтиже жоқ. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы осы өңірден.

Қарқаралыдан ауылға дейін 45 шақырым ғана. Тас жол тақтайдай болған заманда жұрт жарты сағатта-ақ ауылға жететін. Ал қазір ой-шұңқыры көп жолда 1,5 сағат итіңдейді. Жәлел Әкімов қалаға жиі қатынайды. Сапасыз жолдың кесірінен көлігі жиі сынып, көңілі түсіп қайтады.

Жәлел Әкімов, Қасым Аманжолов ауылының тұрғыны:

-Машина мына жолға шыдамайды. 4-5 рет келесің. Былтыр ғана 300 адам қол қойып, жолымыз осындай, жағдай жаман деп билікке бердік. Жауабы берілген де жоқ оның. Жабулы қазан күйінде қалды.

Таздың күйін кешкен жолмен түнде жүру тіпті қауіпті. Алайда, ел іші болған соң кейде шұғыл жолға шығу қажет болады . Мұндайда жұрт жаман жолда көлігінің бар сайманын түгендеп шығады.

Мәриям Мамырбаева, Қасым Аманжолов ауылының тұрғыны:

-Таксиден екі-ақ таксиіміз бар. Міне, тұр олар. Қарқаралыдан келмейді. Тұрып қалады, машиналарының асты соғылады.

Жандарбек Арапов, Қасым Аманжолов ауылының тұрғыны:

Міне, енді жер қарайды ғой енді дөңгелектен түк қоймайды. Шаровыйларды шыдатпайды. Мінгеніміз ескі «Жигули» ғой. Шұңқырға түсіп кетесің. Көбіне жұрт анализ тапсыруға Қарқаралыға барады. Ол анализіңіз онға дейін ғана істейді. Амал жоқ жаман жолмен жүйткисің елдің қажетін шығару керек.

Бұл жолды жөндеу үшін 1 миллиард теңге қажет. 2017-2018 жылдар аралығында бюджеттен 264 миллион бөлініп, он шақырымы асфальтталған. Қалғанын жөндеуге қаражат қарастырғанша, осы он шақырымның өзі қайта ойылып қалған.

Айдар Мұқан, аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-Біз осы уақытқа дейін 2017-2018 жылдары аудандық бюджеттен бөлдік қаражатты. Енді аудандық бюджеттен шамасы келмейді оның барлығын жөндеуге. 2016 миллион теңгеге тағы он шақырымды жөндеуге бюджеттік өтінім жасалған болатын. Ол енді 2020 жылы бөлінуі тиіс деп күтілуде.

Қасым ауылы мен маңайындағы елді мекендердің тұрғындары осы жалғыз жолмен қатынайды. Барлығының базынасы бір - осы жол.  Мәселенің қашан шешілері белгісіз.  

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу