Шегірткеге қарсы күрес басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шегірткеге қарсы күрес басталды

15.04.2019

Түркістан облысында көктем жауын-шашынды болып,  күн әлі де салқын болғанына қарамастан қара шегіртке бас көтере бастады. Егіндіктің жауы саналатын зиянкестердің биыл 84  мың гектар аумаққа таралып кету қауіпі бар. Шегірткелер қанаттанып, бой бермей кетпес үшін мамандар осы бастан оларды жойып жіберудің әрекетіне кірісті.

Биыл егістік пен шаруаға шегірткенің морокколық түрі қауіп тудырып отыр. Көк өскінді баудай түсіріп, көктей солдыратын зиянкестердің  тұқым жарып шыққанына екі аптадай уақыт болды. Фитосанитарлық болжау орталығы мамандарының көмегімен шегірткелердің таралу аймақтары анықталды. Қауіпті жердің басым бөлігі Келес ауданында.  

Нұржан Қашқынов, ауыл шаруашылығы инспекциясының басшысы:

Келес ауданы бойныша 10 ауыл округінде химиялық күрес жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Ең көп тараған аймақтары Бірлік, Ақтөбе, Жамбыл және Бозай ауыл округтері. Осы жерге белгіленген 36 мың гектардың 323 мыңы 4 ауыл округіне тиесілі.

Шегірткеге қарсы себілетін химиялық дәрілердің әзірге жартысынан сәл көбі ғана өңірге жеткізілді. Олар неоникотинойд және фосфорорганикалық қосындысы бар препараттар. Улы дәрі 30-дан астам  арнайы техниканың күшімен шашылады. Еңбекпен қамту орталығы арқылы 185 адам осы жұмысқа тартылады. Жалпы зиянкестермен күрес үшін 74 миллион теңге бөлініп отыр.

Марс Алмабек, Ауыл  шаруашылығы министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

Химиялық өңдеу жұмыстарының нәтижесінде шегіртке көлемі үш есе азайып отыр Түркістан облысында. Бұл енді біріншіден, сапалы препараттарды қолдау және техниканың арқасында жасалып отырған жұмыстың нәтижесі.

Зиянкестерге қарсы күрес шараларының дұрыс жүргізілуін қадағалау үшін өңірде арнайы штаб құрылды. Ауыл аймақтарда дала қосы жасақталған. Осындай жан жақты дайындықтың арқасында мамандар зиянкестерге қарсы күрес жұмысын биыл жиырмашықты күннің ішінде толық аяқтамақ.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу