Шығыс Қазақстандағы жер үйлерге пештен шығатын улы газға қарсы құрылғылар орнатылып жатыр. Соңғы 3 жылда көпбалалы және аз қамтылған 100-ге жуық отбасының баспанасында осындай дабыл қондырғысы тегін қойылды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жеке тұрғын үй секторларын күнделікті аралап, өрт қауіпсіздігінің ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Пешті дұрыс жағудың қарапайым қағидаларын айтып қана қоймай, мұржаны да тазалап беруді әдетке айналдырған.
Соңғы жылыту маусымы басталғалы бері өңірде улы газдан 80 адам зардап шеккен, олардың тең жартысы балалар. 8 адам иіс тиіп қайтыс болды
Анастасия Скляр, Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы:
Жылыту маусымы ресми түрде 15-ші сәуірде аяқталғанымен, жер үйде тұратын адамдардың көбі пеш жағуды жалғастыра береді. Осы кезең тіпті қауіпті. Өйткені, күні жылы болғандықтан пеш дұрыс тартпайды. Сондықтан, біз күнделікті осылай үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Дабыл құрылғыларын орнатып, пеш мұржаларын да тазалаймыз.
Берік КӨШЕРБАЙ