«Көкжайлау» жобасы кейінге қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Көкжайлау» жобасы кейінге қалды

08.04.2019

Көпшілікті толғантқан «Көкжайлау» жобасын іске асыру кейінге қалды. Бұл туралы бүгін Алматының әкімі Бауыржан Байбек айтты. Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында: «Менің ұсынысым бойынша қабылданған бұл шешімді қолдаймын. Мұндай маңызды мәселеде асығыстық танытуға болмайды», - деп жазды. Сонымен, «Көкжайлау» кешені құрылысының уақытша тоқтауына не себеп? Жобаға қандай өзгерістер енгізілмек?

Көздің жауын алатын көрікті табиғат. «Көкжайлау» - көп жылдан бері халықтың көкейінде жүрген түйткіл. Осы уақытқа дейін тұмса табиғатқа демалыс кешенін салу Қоғамдық кеңесте бірнеше мәрте талқыланған. Ал, бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек әсем Алатаудың сұлулығы Алматының басты артықшылығы екенін айтып, оны ұтымды пайдалануды ұсынды. Сондықтан кешенді салу үшін барлық сарапшылардың пікірін ескеріп, жобаға тағы да жан-жақты зерттеу жүргізу керектігін жеткізді.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

- Тау локацияларын дамыту қаламыздың болашақ дамуы үшін маңызды. Мысалы, австриялық сарапшылардың айтуынша, тау кешенін пайдалану үшін 7-10 жылда 1,5 миллиард доллар жұмсалса, одан жыл сайын 2 миллиард доллар пайда табуға болады екен. Ал, ең маңыздысы – 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Дегенмен, біз экономика мен экологияның тепе-теңдігін сақтауымыз қажет. Яғни, қоршаған ортаға зиянын аз тигізетін курорт салуға тиіспіз.

Әкімнің айтуынша, «Көкжайлау» халықаралық емес, қалалық курорт болмақ. Қонақтардың 70 пайызын қалалықтар болған соң, тау ішіне қонақүй мен жеке коттедждер салынбайды. Кешен тек сырғанау маусымында емес, жыл бойы қызмет етуі тиіс. Сондықтан құрылыс салынатын жердің қоршаған ортаға тигізер кері әсері 14 есе, ағаштарды кесу 26 есе азаймақ. Сондай-ақ, 100 гектар жер «Ұлттық паркке» қайтарылады.

Сергей Пономарев, Қоғамдық кеңес мүшесі:

- «Көкжайлаудың» қазіргі жобасы өте үлкен. Оның қоршаған ортаға тигізер зияны да көп болатын еді. Сондықтан барлық экологтар шырылдап жүріп, қарсылықтарын білдірді. Тау - табиғи байлық. Бірақ, тиімді пайдаланбасақ ол да таусылатын ресурс. Сол себепті құрылыс жұмысын кейінге қалдыру дұрыс деп есептеймін.

Жиында кешеннің құрылысын қаржыландыру жағы да талқыланды. Жоспарға сәйкес, жол және инженерлік инфрақұрылымдар мемлекет есебінен салынады. Ал, коммерциялық бағыт жеке инвесторларға жүктелмекші. «Тоқетері, бюджеттің бүйірінен бөлінетін ақшаны азайтып, ол қаржыны өзге әлеуметтік маңызды бағдарламаларға аудару қажет»,-деді қала әкімі.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу