Халықты әлеуметтік қамқорлық шараларымен ақпараттандыру тобының Павлодар облысына жұмыс сапары жалғасуда. Бүгін Үкімет өкілдері Екібастұз қаласында болып тұрғындарға әлеуметтік саясаттың жаңа бағыттарын баяндап берді.
Сонымен қатар, халықтың басым бөлігі жұмыс істейтін электр станциясын аралап, еңбек заңнамаларының орындалуын сұрастырды. Толығырақ, осы өңірде жүрген тілшіміз Ербол Мәндібек баяндайды.
«Екібастұз-1» электр станциясы еліміздегі ең ірі энергетикалық кешендердің бірі. Өңірдің әлеуметтік әрі экономикалық дамуына үлкен үлес қосып отыр. Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын түсіндіру тобы Павлодар облысына жұмыс сапарының әлқисассын осы мекемеден бастады.
Мұндағы жаңғырту және ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Кәсіпорынның өндірісі тұрақты. Қызметкерлердің жалақысы мерзімді берілуде. Еңбек дауы жоқ деді мекеме басшылары. Бұл жиынға Павлодар облысындағы ірі кәсіпорындардың және кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты. Әуелі әлеуметтік қамқорлық шаралары туралы ақпарат алды. Пікір алмасу барысында негізінен еңбек заңнамаларының орындалу мәселесі талқыланды.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Енді бірінші мәселе қарыздың болмауы айлық бойынша. еңбеккерлердің жұмыс орнының қауіпсіздігі, үшіншіден, айлық табыс деңгейін инфляцияға байланысты көтеріп отыру, сонымен қатар, әлеуметтік жауапкершілік.
Павлодар облысы ауылшаруашылығы саласында ілгері келе жатқан өңірлердің қатарында. Жергілікті халықтың мал өсіріп, жер жыртып, өнім алуына жан-жақты жағдай жасалуда. Соның бір айқын көрінісі ретінде Екібастұздағы мына жылыжай кешенін айтуға болады.
Гүл мен қызанақты қатар өсіріп отыр. Өз кезегінде Үкімет өкілдері мұндай кәсіптің көпке үлгі боларын атап өтті. Екібастұзда кәсіпкерлікпен бірге, тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамып келеді. Жаңадан мөлтек аудан салынып, халыққа «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана берілуде.
Облыста маман даярлау мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Осы мақсатта арнайы халықаралық орталық ашылыпы. Негізінен отын-энергетикасы саласына қажетті техникалық қызметкерлерді әзірлейді. Жастардың еңбекке араласуына барынша басымдық берілуде.
Қорыта айтқанда, облыс халқымен кездесулердің барлығындағы Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы сұралып, халықтың пікірі тыңдалып, сұрақтарына жауап берілуде. Үкімет өкілдері өңірлерді аралау барысында жергілікті биліктің атқарып жатқан шаруасының артық-кем тұстарын назардан тыс қалдырып жатқан жоқ.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Біз осы өңірлердің бәрін аралап болғаннан кейін талдаймыз. талдаудың нәтижесінде қандай шешілмей жатқан мәселелер бар, соларды топтап, шешу жолдарын қарастырамыз. Тиісті іс-шаралар қабылданатын болады.
Ербол Мәндібек, тілші:
Әлеуметтік қамқорлық шараларын түсіндіру тобы Павлодар облысына екі күндік жұмыс сапарымен келді. Осы аралықта тұрғын үй құрылысын дамытудың жергілікті бағдарламасы пысықталып, көпбалалы отбасылардың ахуалымен танысу жоспарланған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің сапасы сұралып, халықтың әлеуметтік бағдарламаларға қатысудағы мүмкіншілігімен танысады.
Ербол МӘНДІБЕК