Елімізде аутист балалардың мәселелері қамтылатын бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл туралы аутизм бойынша Үкіметтік емес ұйымдардың бірінші республикалық форумында белгілі болды. Мемлекеттік деңгейде тұңғыш рет өткізілген жиында ерекше балалардың ата-аналары қордаланып қалған мәселелерді талқылады. Елімізде аутизмге осы күнге дейін аса мән берілмей келген. Осы ауруға шалдыққандардың нақты саны да белгісіз.
Республика бойынша 3000 бала аутист деп тіркелсе, сарапшылардың есебінше, олардың саны 300 мыңға дейін жетуі мүмкін. Өйткені, әлем бойынша қазірдің өзінде әрбір 59-шы бала аутизмге шалдығады және жыл сайын олардың саны 13 пайызға артып келеді. Сондықтан, мұндай балаларға ерекше күтім, кешенді реабилитация көрсетілетін орталық қажет. Сондай-ақ, инклюзивті орта қалыптастырып, олардың өзге балалармен қатар білім алып, дамуына мүмкіндік берілуі тиіс.
Нұргүл Балтабайқызы, Аутизм, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жетімдерді қолдау қоғамдық қорының директоры:
Осындай балаларға арнайы мамандар керек. Қазақстанда, өкінішке орай, осындай мамандарды дайындайтын ешбір орталық жоқ. Мамандар тапшылығы болып тұр. Неге біздің балаларды балабақшаларға, мектептерге алмайды? Өйткені, инклюзивтік топтар жоқ, инклюзивті кластар жоқ.
Сәуле Айтпаева, ҚР Парламент Сенатының депутаты, балалар омбудсмені:
Біз үкіметке аутизм проблемалары бойынша депутаттық сұрау жібергенбіз. Үкімет бізге бұл мәселе бойынша арнайы бағдарлама болады деді. Қазір соны ұйымдастырып жатыр.
Альбина ӘШІМ