Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмыс тобының Қостанай облысына сапары жалғасуда. Бүгін Үкімет өкілдері өңірдегі кәсіпорындардың жетекшілерімен кездесіп, еңбек қатынасындағы мәселелерді талқылады. Толығырақ, тілшіміз Ербол Мәндібек әңгімелейді.
Қостанай облысында 7 мыңнан астам кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Оларда 330 мыңнан астам адам еңбек етуде. Өңірдегі орташа жалақы көлемі 140 мың теңге шамасында. Үкімет өкілдерінің айтуынша, бұл жақсы көрсеткіш.
Бүгін Рудный қаласында өткен кездесуге аудандар мен қала басшылары және аймақтағы ірі кәсіпорын жетекшілері қатысты. Негізінен еңбек өнімділігі, жұмыс орындарының сақталуы, жалақының өсімі мәселесі қозғалды.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі:
....
Мемлекет шағын және ірі кәсіпорындардың дамуына қолайлы жағдай жасап келеді. Біздің елдегі инвестициялық ахуал алыс-жақын елдермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Нәтижесінде, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ерікті түрде дамып келеді. Өңірлердегі кәсіпорындар тұрмысы төмен азаматтарға материалдық тұрғыда көмек көрсетіп, өмір сапасын арттыруға атсалысуда.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Еңбек дауларына жол бермей, жұмыс орындарын сақтап, жалақыны өсіру. Кәсіпорындар үшін ең маңызды мәселенің бірі осы. Сонымен қатар, өздеріңіз белесіздер қазір барлық аймақтарда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау шаралары жүріп жатыр. Бұл іске бизнес қауымдастық та үлес қосуда. Көптеген өңірлерде ірілі-ұсақты мекемелер жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамтып, кәсіп бастауына жәрдем жасауда.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі Қостанай облысында да жүйелі түрде жүзеге асып жатқаны байқалады. Жыл басынан бері аймақтағы бизнесмендер 22 отбасыға баспана кілтін сыйлапты. Одан бөлек, ауылдар мен аудандардағы мыңдаған тұрғындарды тегін отын-сумен қамтыған. Айта кетейік, бұл өңірде 5 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Қазіргі таңда осы санатқа кіретін азаматтар атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыруда.
Ербол МӘНДІБЕК