80-ге жуық қазақстандық Дубайдан Шымкентке қайта алмай қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

80-ге жуық қазақстандық Дубайдан Шымкентке қайта алмай қалды

03.04.2019

80-ге жуық қазақстандық Дубайдан Шымкентке қайта алмай қалды. Ұшуға санаулы минуттар қалғанда оларды белгісіз себептермен әуе рейсінен түсіріп тастаған. Жолаушылардың сұрағына шетелдік мамандар Шымкенттің әуежайы қабылдамай жатыр деп қысқа қайырған. Осы мәселеге қатысты біз Дубайдың Fly Dubai әуекомпаниясына хабарласқан болатынбыз. Олар жаңа ғана ресми түрде жауап қайтарды.

«Fly Dubai компаниясының Шымкентке ұшатын бағыты кейінге қалдырылды. Дубай-Шымкент сапары бойынша билет алған жолаушылар Алматы немесе Нұр-Сұлтан бағыттарына ұша алады. Егер билетке кеткен ақшаларын қайтарып алғылары келсе біздің туристік агенттіктің байланыс орталығына (00971) 600 54 44 45 нөміріне хабарласуларына болады. Келтірілген қолайсыздықтарға байланысты кешірім сұраймыз», делінген Fly Dubai баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, Дубайдың әуе компаниясы жолаушылардың қонақүйлерге орналыстырылғанын және ыстық тамақпен қамтамасыз етілгенін айтты. Қолайсыздыққа тап болған жолаушылардың бірқатары Қазақстанға қайтқан. Ал қалғандары ертең ұшатынын хабарлады.  

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу